Қалың малға қарсымын! Әли Оқапов дәл осылай дабыл қақты. Әншінің айтуынша, қыздарын саудалап, қомақты қаржы талап ететін ата-аналардың әрекеті – ерсі! Бұл жайында Shownews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Таяуда Роза Рымбаева қыздарын ақшамен бағалайтын ата-аналарды сынға алған еді. Қазнетте қызу талқыға түскен «қалың мал» тақырыбына қатысты Әлидің де айтары бар. Халық әртісінің ұлы анасының пікірін толықтай қолдайды.
«Қалың мал беру, киіт дегендер бүгінде аса маңыздылыққа ие деп ойламаймын. Ол тек дәстүр ретінде, символикалық тұрғыда ғана қалыптасып қалу керек. «Қалың мал» беру үшін үлкен көлемде несие алып жататындар да бар. Халықтың әлеуметтік жағдайы бірдей емес қой. Сондықтан, қыздарына нақты бір мөлшерде ақша талап ететін ата-аналарды түсінбеймін. Ең бастысы екі жас бақытты болса болды емес пе?! «Қалың малмен» қызды да, жігітті де бағалауға болмайды. Қазір жағдайы төмен болса, кейін қандай деңгейге көтерілетінін ешкім білмейді. Мысалы, менің ата-анам да жатақханада күн көрген. Қазір қарап отырсаңыздар шоқтығы биік жандар. Сондықтан, ақшаға бәрін сүйеп қою дұрыс емес деп ойлаймын» , – дейді Әли.
Әнші Әлидің ұстанымы осындай. Сондықтан, болашақ қалыңдығы үшін Оқаповтар отбасы қалтасын жұқартуға ниетті емес.
«Егер, менің болашақ қайын жұртым «қалың малды» нақты бір мөлшерде талап етіп, қаржыны бірінші орынға қойса – ондай жағдайда ара- қатынасымызды қайта қарастыруға тура келеді. Олар бізді туысқан ретінде көргісі келе ме, әлде демеуші ретінде көргісі келе ме дегендей… Қайын жұрт тарапынан нақты осындай талап етсе – ұят нәрсе! Әрине, дәстүрді ұстану керек, бірақ мөлшерден тыс ақша сұрау ерсі көрінетін секілді. Кезінде «қалың малды» мал басымен төлеген. Қазіргі кезде оған тәуелді емеспіз. Адамдарды ақшаға бағалағанымыз дұрыс емес», – дейді Оқапов.
Бүгінде Әли сүйіктісін жолықтырған. Бірақ, жеке өміріндегі жаңалықтарын жұрттың талқысына салуға құлықты емес. Әнші бір тойының боларын білгенімен, дәл қай күн екенін айта алмайды. Дегенмен, отандық шоу бизнестің сүрбойдағы үйленуге тас-түйін дайын. «Міндетті түрде үйлену керек. Үйленуген дайынмын. Үйленгім келеді. Жоспарда нақты бір белгіленген күн жоқ. Бұйырса, үйленемін. Бірақ, жақын арада емес», – деп қорытындылады әнші.