Талай қазақтың тойында «Аспанға қараймын» деп ән шырқаған хитмен, үлкен қызымен ара-қатынасы түзелгелі, көңілі жай тапқан. Ол өзінің Instagram парақшасында тұңғышымен түскен суретін жариялап, дүйім жұртты қызықтырып қойды, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталының тілшісі.
Алғашқы жарының қазасынан соң араға үш жыл салып, өткен жылы өзінен он алты жас кіші бойжеткенге үйленген Абай Бегейдің әрекетін әлеуметтік желіде жерден алып, жерге салғандар аз болмады. Тіпті әкесінің бұл шешімін алғашқы перзенті де жөн көрмей, әке мен бала арасына сызат түскен еді. Екінші мәрте отау құрған әншінің тойына қызының келмегені туралы БАҚ өкілдері де жарыса жазды. Әйтсе де, бәріне уақыт емші. Бір кездері әнші әкесінің шешіміне өкпесі қара қазандай Еркенің реніші тарқаған. Бүгінде ол – аяулы жар, ардақты ана.
Instagram парақшасында төркіндетіп келген қызымен жылы сурет жүктеген өнер иесі, тыңдармандарынан кеңес сұрап, жазба қалдырды.
«Алматыға төркіндетіп Ерке қызым келді. Қайда қыдыруға кеңес бересіздер?», – деп жазды Абай Бегей.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында үлкен қызымен ара-қатынасына сызат түскенін айтып, көз жасына ерік берген Бегейдің бұл жазбасына әлеуметтік желідегі оқырмандарының бірқатары оң лебіздерін қалдырса, енді бірі Алматының көрікті жерлерін тізіп, кеңестерін аямады.
«Өте керемет! Әкелік мейірім сезілетін сурет екен», «Қызыңыздың сізді кешіргені өте батыл қадам!», «Өміріңіз ұзақ болғай!», «Түріңнен айналайын, әкесінің аузынан түскендей», «Ерке сүйкімді екен. Әке мен баланың біріккеніне қуаныштымын», «Қызыңыз ақылды екен, ренжігені қызғаныш қой», «Көктөбеге апарыңыз!», «Шымбұлақ, Медеу, БАО», – деп желідегілер жарыса жазды.
Естеріңізге сала кетейік, әншінің бірінші әйелінен үш қызы, бір ұлы бар. Тұңғышын 2017-ші жылы құтты орнына қондырып, бүгінде жұлдызды атаға айналған Абай мырза, кейінгі некесінен туған ұлымен және марқұм жұбайынан қалған балаларымен бір шаңырақ астында тұрады. Олар да өнерден құр алақан емес. Әкелерімен ән айтып, қызы Сымбат бейнебаян түсіріп үлгерген.