Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұратын жас әнші Мадияр Серік халықаралық байқаудың жеңімпазы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол Ресейдің Туапсе қаласында биыл 25-ші мәрте өткізілген «Хрустальная магнолия» фестиваль-конкурсында бақ сынады. Қара теңіздің жағалауындағы балалар шығармашылығына арналған байрақты бәсекеде ән орындаған Мадияр Серік Гран-при жеңіп алды.
Мадияр Серік Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепте оқиды. Ол бұған дейін Болгарияда өткен «Star of the world» атты халықаралық байқауда гран-при мен үш алтын медаль иеленген болатын.