$ 494.87  520.65  4.91

«Сендерде әжетхана жоқ»: Ермек Тұрсынов жапон режиссерінен сөз естігенін айтты

Қойынға ақша тығып, мәселе шешуді де доғаратын кез жетті.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған ақпараттық үгіт-насихат штабына қатысты баспасөз конференциясы өтіп, штаб мүшесі, режиссер Ермек Тұрсынов пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.kz.

Ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшесі, белгілі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов Қазақстанды аралаған жапон режиссерінің Қазақстан туралы сөзін мысалға келтірді.

«Ол маған Қазақстанды екі апта аралағаннан кейін мынадай екі дүниені айтты. «Сендерде әжетхана жоқ екен, баратын жер таппадым» деді біріншіден. Сосын «Сендер бізден мәңгілікке қалып қойған екенсіңдер. Иә, 10, 20 жыл емес, мәңгілікке. Тіпті, біз сендердің алдарыңнан шықсақ та қуып жете алмайсыңдар» дегенді айтты», - деді Ермек Тұрсынов.

Сондай-ақ, режиссер қоғамды екі мәселе бойынша түсінуге шақырды.  

«Мен Халық, Отан, патриотизм деп ұрандатпай-ақ, жай ғана мынаны түсінгенімізді қалаймын. Біз осы жерде, осы елде тұрамыз ғой. Сондықтан көрінген жерге дәретке отыруды қою керек. Қойынға ақша тығып, мәселе шешуді де доғаратын кез жетті. Біздің балаларымыз да қазір осы аурумен (жемқорлық – авт.) ауырады. Біз жемқорлықты «достық», «туыстармен қарым-қатынас» деген сөздермен қатар қоямыз», - деді.

Айта кетейік, агенттіктің жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының мақсаты - халық арасында жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Аймақтарды аралайтын топтың құрамына белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтан бөлек, продюсер Алпамыс Шаримов, қолөнерші Ырза Тұрсынзада  секілді танымал кісілер бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары