Өзбекстанның Қашқадарья облысында актриса Гавхар Шарипова жол апатынан қаза тапты. Ол өзіне қол жүгірткен жүргізушіден қорғанып, көлік салонынан секіріп кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ, gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 18 қараша күні түнгі 02:20 шамасында Қашқадарья облысының Гузар ауданына қарасты Яргунчи махалласы аумағындағы "Самарқанд-Гузар" А-380 автожолында болған.
29 жастағы Isuzu жүк көлігінің жүргізушісі 39 жастағы актрисаға тиісе бастаған екен. Ал Шарипова амалсыздан көлік салонынан секіріп кетуге мәжбүр болыпты.
Облыстық ЖҚҚБ ақпараты бойынша, жүк көлігі тас жолда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Жүргізуші сол қолымен рөлді ұстап, оң қолымен жолаушы орнында отырған Гавхар Шарипованың арқасы мен қолын ұстай бастапты. Актриса есікті ашқанына қарамастан, ол жылдамдықты тоқтатпай, жолда жүру ережесінің 77-бабы 3-бөлігін бұзған.
Гавхар Шарипова көлік салонынан жолға секіріп, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Аталмыш фактіге қатысты Гузар аудандық ІІБ тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 266-бабы 2-бөлігі (адам өліміне әкеп соққан көлік құралдарының қозғалысы немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қазір алдын ала тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Гавхар Шарипова "Алпомыш", "Сарвиноз", "Алданған әйел", "Әпке" және тағы басқа фильмдерге түскен.