Ninety One қайда? «Жыл таңдауы-2019» музыкалық жүлдесіне ілікпеген атышулы топтың фанаттары ғаламторда дәл осылай дабыл қағуда, деп хабарлайды Shownews.kz.
«Жыл таңдауы» музыкалық жүлдесі биыл да өз жанкүйерлерін таңғалдыруды көздеп отыр. Үздіктерді ұлықтайтын ұлттық премия жастар жылына бағытталады. Ауқымды шоуға тректері тек трендте тұрақтаған ғаламтор жұлдыздары таңдалыпты.
«Өкінішке орай, ғаламторда мықты болып жүрген әншілер Қазақстаннан ұшып кетіп жатыр. M’Dee, The Limba, Abdr деген әншілерді халық білмей жатса, әндерін біліп жатады. Олар Ресейге кетіп, Еуропаға кетіп өсейін деп жатыр. Өйткені, мына жақта олар танымал емес, оларды көбі білмейді. Осы жолы жастар жылы болған соң, біз осындай шешімге келдік», – дейді продюсер Жан Мұқанов.
Биыл «Жыл таңдауына» іріктелген мықтылардың тізіміне «91» тобы ілікпепті. Бұл жайттан атышулы Ninety One фанаттары да хабар болса керек, сансыз сауалдарын жолдауда.
«91» тобын шақырыңыздаршы», «Жыл таңдауына» Ninety One келе ме?» – деп әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр.
«Биыл Ninety One болмайтын түрі бар. Екі-үш ай бұрын Ерболат Беделханның өзі айтты. Өкінішке орай жыл сайын қатысып жүрген әртістер келе алмаймыз деп айтты. Олар келісімшартқа отырып, бір түсірілімде болады», – дейді «Жыл таңдауы» жобасының бас продюсері.
Ал, Әли Оқапов үшін бұл жобаның орны ерек. Сондықтан болар, әнші жігіт дәл сол күнге түскен өзге қаладағы ұсыныстар мен қомақты қаржыдан да бас тартқан көрінеді.
«Мені де Атырауға шақырған осы күні. Бірақ осы жобаға қатысу үшін бас тарттым. Тиын табудан гөрі, мысалға. Ол әр адам өз қалауын жасайды», – дейді Әли Оқапов.
Бүгінде Зируза да «Жыл таңдауына» қызу дайындық үстінде. Бұрымды жаһандық жұлдыздар мен отандық әртістер бас қосатын сахнаны сарыла күтуде.
«Айтарлықтай үлкен сахна біріншіден. Екіншіден, үлкен жауапкершілік. Үшіншіден, әрбір жыл сайын үлкен сахнада болып, көптеген эмоциялар аласың. Әрбір әнші үшін үлкен құрмет, үлкен мәртебе. Басқа да мықты әншілермен бір сахнада өнер көрсету, біз үшін өте қуанышты жағдай», – дейді әнші Ziruza.