Күні кеше Алматы Аренада өткен «Жыл таңдауы» ұлттық жүлдесінде «Жалғызым» әнімен бағын сынаған бикеш, бұл жолы марапатсыз қалды. Әйткенмен әншіні таңқаларлық тосын сый күтіп тұрыпты. Аталмыш кеш барысында сылқымға сүйіктісі жүрегін ұсынып, жүзігін тақты, деп жазады shownews.kz.
Лэд экранда өнер иесінің жігітімен түскен суреттері жарияланған сәтте- ақ, кешке жиналған дүйім жұрт шулай жөнелді. Бастапқыда ешнәрседен хабарсыз Балжан, сүйіктісі сахнаға көтерілгенде ғана мән-жайды түсінген.
«Шынымды айтсам бір түрлі сезімде болдым.Өйткені барлығы күтпеген жерден орын алды. Тіпті, не істерімді білмей қатты қобалжыдым. Сахнада қаншама халық көреді ғой деген ойда тұрдым», – дейді әнші.
Иә, расымен де абдырап қалған ару, экс-продюсері Баян Алагөзованың бірнеше мәрте шақырғанын да елемеді. Ал мұның бәрін бақылап отырған қырағы көрермен Бидаштың бұл әрекетін түсінбей әлек.
Сөз айтылды, гүл ұсынылды, сақина салынды. Әдетте жеке өмірін жасырын ұстайтын арудың сүйіктісін халық көрді. Әйтсе де әнші болашақ жары жайлы аса қатты ақтарыла қоймады.
«Жоқ, құпия боп қалсын. Айта алмаймын», – дейді Бидаш.
Бар білетініміз, арудың жүрегін жаулаған жігіт 1992 жылғы, есімі Үсен. Өнерден құр алақан емес, қос ғашық гастрольдік сапарлардың бірінде танысқан. Бастысы Балжанның өнерін бағалай біледі.
«Ол кісі әртіс болмаса да, осы өнердің жанында жүрген кісі. Сондықтан шығармашылығыма ешқандай қарсылық білдірмейді. Керісінше әрқашан қолдау көрсетеді», – деді Балжан.
Иә, шоу-бизнестегі басы бос сылқымдар қатары тағы бір санға азайды. Бірақ дүбірлі тойдың қашан болатыны бізге беймәлім.
«Той алдағы уақытта болады. Бірақ мен нақты білмеймін, оны күйеу бала шешеді», – дейді әнші.