$ 446.49  475.38  4.79

Алматыда этно-фольклорлық ансамблдің лекция концерті өтті

Кездесу барысында ансамбль қазақ халқының ұлттық саз аспаптарымен таныстырып, өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің БАҚ өкілдерімен кездесуі және лекция концерті өтті. Бұл туралы Sn.kz хабарлайды.

Шығармашылық кездесуде «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшелері топ құрамының өзгеруі жайында айтып, ансамбльдің жаңа мүшесін таныстырып, ашық сұхбат өткізді. 

Кездесу барысында ансамбль қазақ халқының ұлттық саз аспаптарымен таныстырып, өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды.

«ТҰРАН» ансамблінің тарихы 2008 жылдан бастау алады. Қазіргі таңда топ құрамында Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбет, Мақсат Медеубек және Ержігіт Алиев өнер көрсетеді. Ансамбльден бөлек топ мүшелері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып, аталған оқу орындарында магистратура, докторантура бойынша білім алуда. 

Қазақ халқының сыбызғы, сазсырнай, домбыра, қобыз, жетіген, шіңкілдек сияқты саз аспаптарын, көмеймен қайлау ән айту мәнерін өзара үндестіру арқылы  көне сарынның заманауи тұрғыда қайта жаңғыртудағы ізденістері ансамбльдің құрылуына түрткі болды. 

Аталған ұжым төрткүл дүние тыңдармандарын өз өнерімен тамсандырып үлгерді. Әлемнің 70 мемлекеттерінің «Карнеги холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди центр» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт хаус» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Москва, Ресей), «Конгресс және фестиваль сарайы» (Канны, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция), және т.б. әлемге аты шулы концерттік залдарда 600 жуық жеке концерттерін өткізіп, ұлттық өнеріміздің насихатталуына, дамуына үлкен үлесін қосуда. «ТҰРАН» ансамблі Беларусь, Норвегия, Ресей, Әзірбайжан, Венгрия, Татарстан, Түркия елдеріне әлемдік турне жасады. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қаржылай қолдауымен «ТҰРАН» тобы Қытай Халық Республикасының Шунде, Шеньчжень, Цинхуандао, Пекин, Шанхай, Ханчжоу қалаларында жеке концерттерін өткізді. Аталған ұжым Монте-Карло, Канны және Париж қалаларына «Ұлы даланың жеті қыры» атты концерттік турне жасап қайтты. Сондай-ақ Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен «Nomad Universe» фестиваліне «ТҰРАН» қазақ музыка мәдениетінің өкілдері және фестивальдің құрметті қонағы ретінде шақыртылды.

Кездесу 6 қараша күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында өтті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары