$ 449.3  489.69  4.89

«МузАрт» тобының жаңа бейнебаяны жарыққа шықты (ВИДЕО)

Музыкалық туынды – Тәуелсіздік күніне тарту. Туындыны өзге облыстарға челлендж ретінде жолдау жоспарлары да бар.

«Хабар» арнасының қолдауымен «Ертіс-Баян» деп аталатын бейнебаян жарыққа шықты. Әнді «МузАрт» тобы орындайды,-деп хабарлайды "Хабар" арнасы.

Музыкалық туынды – Тәуелсіздік күніне тарту. Сондай-ақ Павлодар облысының әкімдігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр өңірдің табиғаты мен туризмін насихаттайтын осындай бейнебаян түсіру жайлы бастама көтерді. Туындыны өзге облыстарға челлендж ретінде жолдау жоспарлары да бар.

Ертіс-Баян өңірі – таутұлғаларға тұғыр болған қасиетті мекен. Бұл жерге қатысты талай ақынның өлеңі мен талай сазгердің әні шыққан. Дегенмен, заманауи, қазіргі таңда халықтың көңілінен шығатын сөзі мағыналы, әуені көңілге қонымды осы тектес туындылар әлі де қажет-ақ. Ал «МузАрт» тобы орындаған бұл әннің сөзін жергілікті айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек, музыкасын белгілі композитор Ұлықпан Жолдасов жазды. Елжандылық, отансүйгіштік, туған жерге деген сүйіспеншілік сынды қасиеттердің барлығы бейнебаянда насихатталады.

Асхат Оралов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары: - Осы әннің мәтінінде «бабалар басқан мекен» деген тіркес бар. Павлодар облысынан шыққан ұлы тұлғалар, ғалымдар, ақын-жазушылар, билер осы өлеңге арқау болған. Ертіс-Баян өңірінің туризмін дамыту мақсатында және де келесі жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үш жылдығына орай тек қана конференция, дөңгелек үстел ғана емес, осындай форматтағы іс-шараларды да ұйымдастыру жоспарымызда бар.

Бейнебаянға Павлодар облысының шырайлы жерлері Баянауылдан бастап, Ақбет, Торайғыр таулары, Сәкен шыңы, Жасыбай көлі, Найзатас, Кемпіртас сияқты табиғаты таңдай қақтырар көрікті орындар түсірілген. Сондай-ақ Маралды, Жасыбай, Сабындыкөл көлдері мен Ертіс өзені де көрініс тапты. Павлодар мен Ақсу қалалары да тыс қалған жоқ.

Асхат Оралов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары: - Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – біздің құндылығымызды түсінікті тілмен жеткізу. Осы мақсатта тек Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, Қазақстанның әрбір аймағындағы ерекше табиғатты, киелі жерлерді осылай дәріптеу қажет. Аталмыш бейнебаянды челлендж ретінде өзге облыстарға жолдамақпыз.

Бейнебаянның тұсаукесері «Хабар» арнасында өтті. Айта кетейік, туынды «Хабар» Агенттігінің қолдауымен түсірілді. «МузАрт» тобының әншілері де тәуелсіздік құндылықтарын насихаттайтын мұндай туындылар қажет екенін айтады.

«МузАрт» тобы: - Тәуелсіздік күні баршамызға құтты, баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Бәсекеге қабілетті керемет елдердің қатарынан болайық. Алла тағала барлық жақсылықты нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қазақ даласы талай туындыға арқау болған және бола да бермек. Ұлық мереке Тәуелсіздік күніне арналған бейнебаян да көпшіліктің көңілінен шығатыны сөзсіз. Бейнебаян алдағы күндері «Хабар» Агенттігі арналарының эфирінен көрсетіледі.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары