Африкалық этнос өкілі, бүгінде қазақтың күйеу баласы болып жүрген Даниель Джеймс мемлекеттік тілге қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген бастаманы қолдап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Shownews.kz жариялаған мақалаға сүйене отырып.
Айта кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсатында мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері арасында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» бастамасын жариялаған болатын.
Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың Алматы қаласының этно-мәдени ұйымдарына жолдаған бұл бастамасын қаланың өзге ұлт өкілдері бірден қолдай кеткен. Олардың ішінде еліміздегі жиын-тойлардың тізгінін ұстап, домбырамен ән шырқап жүрген шоумен Даниель Джеймс те бар.
«Алматыдағы №23 орта мектепті бітірдім. Ол жерде қазақ тілін терең берген жоқ. Содан әйеліммен танысқан соң қазақ тілін үйрене бастадым. Өйткені, менің қайын жұртым – қазақтар. Содан 6 жыл бойы қазақ тілін белсенді түрде үйреніп жүрмін», – дейді «қара бала».
Сұхбат барысында ол тың бастаманың бұнымен тоқтамай, өзінің тамыр-таныстарының да арасында жалғасын табатынына сенім білдірді.