$ 524.65  552.19  5.14

«Күйеуім ішкіш болған соң екі баламмен қашып кетуіме тура келді» - Бибігүл Төлегенова

Айтпақшы, бағдарлама соңында жүргізуші бата сұрағанда, Бибігүл Төлегенова батаның орнына тілек айтып кетті.
Фото: Sputniknews.kz
Фото: Sputniknews.kz

Биыл 90 жасқа толып, жеке шығармашылық ән кешін берген Бибігүл Төлегенова балалық шағының ерте біткенін айтты. Буыны қатпай тұрған кезінде қара жұмыс істеген күндерін еске алып, әншілік қабілетінің анасынан дарығанын жеткізді. Бұнан бөлек, күйеуден жолы болмағанын да айтып қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Оңай емес" бағдарламасына сілтеме жасап.

Өмірден көргені де, түйгені де мол ерекше дауыс иесі қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының баласы болғандықтан, бала кезінде екі есе қиындық көргенін жасырмады. Тіпті, үйінде жейтін тамақ жоқ болып, аш қалған сәттері болғанын да айтып, балалық шағына ойша саяхаттады.

"Товар тасымалдайтын вагондар жарамай, шіріп кеткен картоп, капусталарды лақтыратын. Соны балалармен бірге жинап, кім көп алады деп таласатынбыз. Тапқанымызды үйге апаратын едік. Себебі, жейтін нан жоқ, тамақ жоқ, ештеңе жоқ болды", - деп басынан өткен қиын күндерін есіне алды.

Әншілік қырымен еліне танылып, өнерде жұлдызы жанса да, оның отбасылық өмірде жұлдызы жана қоймапты. Өйткені, күйеуі ащы суға өте жақын болған көрінеді.

"Мен жақсы жар болуға тырыстым, бірақ, бола алмадым. Күйеуімнен ішкіш болған соң екі баламмен қашып кетуіме тура келді, шынымды айтқанда. Өнерім арқылы осы дәрежеге жеттім. Әйтпесе, мені ешкім қолдаған жоқ, көтерген жоқ. Мені тек ұра берді, мен көтере бердім. Сондықтан кез келген адамның бетіне тік қарай аламын.

Тек күйеулерден қиындық болды, "маған қатын керек, тамақ істеу, кір жуу, қонақ күту керек" деп. Бірақ, мен бәрін істедім, дегенмен, командировкадан қазанымды көтеріп келе алмаймын ғой. Жұдырығы дайын тұрады, қой дедім. Күйеуден жолым болмаған шығар.." - дей келе, ол өзінің өнерде бағы жанған бақытты әнші екенін алға тартты.

"Өзімді-өзім өсірдім" деген Қазақстанның еңбек сіңірген халық әртісі үш баласының да өз атына жазылғанын мойындады. 

Айтпақшы, бағдарлама соңында жүргізуші бата сұрағанда, Бибігүл Төлегенова батаның орнына тілек айтып кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары