$ 494.87  520.65  4.91

«Қыста туған өзіме обал жоқ»: Сәкен Майғазиевтің 45 жасқа толған мерейтойына анасы бара алмады

«Айналайын Сәкен, 45 деген – балалықтың аяғы. Жігіттің жасы енді басталады».
фото: stan.kz
фото: stan.kz

Қазақ өнері өкілдеріне ақ дастархан жайып, әртістер қауымының басын қосқан Сәкен Майғазиев 45 жасын дүркіретіп атап өтті, деп хабарлайды Shownews.kz.

Жаңа жылдың алғашқы күнінде Сәкен Майғазиевтің туған күнін тойлау әртістер қауымы үшін әлдеқашан дәстүрге айналған. Жұлдыздар биыл да бұрынғы үрдістен жаңылған жоқ. «Музарт» тобының әншісі шоу-бизнес өкілдерін жанына жиып, Алматыдағы зәулім мейрамханалардың бірінде меншікті мерекесін атап өтті. Ақ тілектің алаңына шыққан Мейрамбек Бесбаев Сәкенге ерекше ықыласын білдіріп, көпшіліктің алдында жылы лебізін жаудырды.

«Сәкендей дос берген Аллаға рахмет! Мың да бір шүкір осындай адал дос бергеніне. Сәкен, Мақсат, Ерлан, Кенжебек бәріміз бірге келе жатырмыз. Бірге сапарлас, үзеңгілес, дос болып келе жатырмыз. Келесі жылы «Музартқа» 20 жыл толады екен. Бүгін мен үшін қуанышты күн. Сәкеннің 45 жасын көріп шаттанып отырмын», – деді Мейрамбек Бесбаев.

Бұл бас қосуда аға буыннан бастап, жастар қауымы да бой көрсетті. Туған күн иесін құттықтаған Алтынбек Қоразбаев Сәкенге жігіттің жасына енді жеткенін айтты.

«Айналайын Сәкен, 45 деген – балалықтың аяғы. Жігіттің жасы енді басталады. Саған бүкіл ел, бүкіл халқың, бүкіл қазағың риза. Мен өзім ризамын, айналайын! Қасыңда гүлдей жайнап келініміз тұр. Әр уақытта сәлемін үзбейді. Бақыттың базарында болыңдар! Әне-міне дегенше 50 жас келіп қалады. Есік пен төрдей, қамшының қысқа сабындай дейді ғой. Сол 50 жасыңда да жолығайық. Еңбегіңмен, қызметіңмен, өнеріңмен мәңгі бол! Әумин», – деді Алтынбек Қоразбаев.

Бұл кешке Сәкеннің анасы алыстан ат терлетіп келе алмаса да, әлеуметтік желіде белсенділігін байқатты. Ұлтай әже ұлының туған күнін видеожазба арқылы құттықтауды құп көрген.

«Келген қонақтардың барлығы мені қасында отыр деп түсінсін. Қыста туған өзіме обал жоқ. Бәріне сәлем айт. Жолыңнан адастырмасын. Бала-шағаңның қызығын көр. Жасай бер. Құдай қаласа, 50 жас мерейтойыңды көрейік. Жақсылық болсын!» – деді Сәкеннің анасы лэд-экран арқылы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары