$ 448.15  483.46  4.86

Мұрат Әбділдә екінші бейнебаянын түсіру үшін тыңдармандарынан 100 теңгеден көмек сұрады

Дегенмен, қазір оның «Ай-ай-ай» деген әнін той әншілерінің бірі Асхат Тарғын орындап, нәпақа тауып жүр.

Бүгінде әлеуметтік желілердің «жұлдызына» айналған түркістандық Мұрат Әбділдә енді елдің өзіне деген «ерекше ықыласын» жақсылап пайдалануға көшті.

Facebook және Instagram желілерінде өзін әрі ақын, әрі композитор, әрі әнші ретінде таныстырып, караоке-микрафонмен «ән шырқап» жүрген оның оқырманы баршылық. Тікелей эфирінде жасы да, жасамысы да тезекке қонған шіркейше үймелеп отырады.

«Бауырлар егер шын көңілмен жаңа бейнебаянға қол ұшын созсаңыздар, Алла қаласа жаңадан 2-ші кәдімгі бейнебаянды назарларыңызға ұсынар едім. Алла разы болсын! «Көп түкірсе көл» демекші, 100 теңгеден аударса, бейнебаяндар жарыққа шығады, иншалла! Ал, бастайық!!!» деп жазды ол, facebook парақшасына Каспий голд карточкасының суретін жүктеп қойып.

Оған оқырманы Аманжан Ырысқалиев: «Бұл жұлдыз болса, адам танымай кетеді, көзі бақырайып», - десе, Қазақ Алашұлы деген бүркеншік есімді біреу 100 теңгесін «саған бергенше, жетім-жесірге аударар едім» деп қызғанып отыр.

Осы орайда, Бауыржан Нұрмағамбетов атты азамат: «О-о-уу, мынауың шынымен әртіс болып жүр ғой!» - деп мысқылдаса, Сая Нури деген «досы»: «Бір іс бастасаң, қайыршыдай алақан жайма ешкімге! Өз маңдай теріңмен еңбектен! Сенен де ақшаға мұқтаж жандар көп. Олар алақан жайып отырған жоқ. Ұят іс жасама!» - деп кәдімгідей жанашырлық танытып, ақыл айтып кеткен.

Дегенмен, қазір оның «Ай-ай-ай» деген әнін той әншілерінің бірі Асхат Тарғын орындап, нәпақа тауып жүр.

Ерік ЕЛЕУСІЗ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары