$ 524.65  552.19  5.14

Қос елдің төрт президенті бір-ақ тұр: «Шахмат ойыны» картинасы сатылымға қойылды

Әйгілі төрт ойынның белгілерін «бойына сіңірген» картинада да төрт тұлға бар. Бұл – шахмат ойыны мен саяси оқиғалардың ұқсастығынан хабар беретін секілді.

Кеше интернетте мына бір картинаның 1 млн теңгеге сатылатыны туралы ақпарат тарады. Алғашында фейк шығар деп ойлағанымыз рас. Сосын әуестік жеңіп үңілсек, расымен де фотошоптан гөрі картинаның «келбетіне» келіңкірейді.

Қоңырау шалдық. Білдік. Сатылады екен. Картина ресейлік суретшінің қолынан шыққанымен, авторлық құқық – Қазақстан азаматының иелігінде.

Өзгеше еңбекті саудаға шығарған кісі мынадай жазба қалдырыпты: «Қазақстан мен Ресейдің қазіргі және бұрынғы басшылары бейнеленген ерекше картина. Картинада әлем тарихындағы ең үлкен төрт оқиға, 1851, 1908, 2008 және 2019 жылдардағы оқиғалар көрсетілген. Картина авторлық құқықпен қорғалған және Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелген. Сурет кенепке майлы бояумен багет түрінде салынған, қорғаныш лакпен өңделген. Кескіндеменің өлшемі 100 см, 80 см, кескіндеме туралы қысқаша ақпарат бар, ол сатып алғаннан кейін ұсынылады».

Ал картина иесі кім? Иесі де, идея авторы да талантты қазақстандық дизайнер Әрсен Сексенбаев деген жігіт. 2019 жылы Әрсеннің эскизі NASA байқауында үздік деп танылып, отандық дизайнерге АҚШ-тан келісімшартқа отыруға ұсыныс түскен. Қобыз, домбыра секілді ұлттық саз аспаптарын да жасайтын өнері бар.

Автордың айтуынша, «Шахмат ойыны» деп аталатын бұл картина әлем тарихындағы төрт ұлы оқиғаны бейнелейді. Мәселен, бірінде 1908 жылы Пролетариаттың жетекшісі В. Ленин алғаш рет көпшілік алдында революционер А. Богдановтан жеңілген екен. Шахмат тақтасындағы фигуралардың орналасуы 1851 жылы Лондонда өткен әйгілі гроссмейстер Лионель Кизерицкий мен неміс шахматшысы Андерсон ойынындағы сәтті бейнелейді. Осы ойында Кизерицкий әлемнің ең мықты гроссмейстері атағынан айрылып қалса керек. Әйгілі төрт ойынның белгілерін «бойына сіңірген» картинада да төрт тұлға бар. Бұл – шахмат ойыны мен саяси оқиғалардың ұқсастығынан хабар беретін секілді.

Ал енді бұл картина қаншаға сатылады және оны кім сатып алады? Қарапайым оқырман үшін осыдан қызық нәрсе бар ма? Өткенде ғана Павлодар облысы әкімінің портреті аукционда 31 млн теңгеге сатылғанын жұрт ғаламтордан көрді.

Ал мына картинада қос елдің төрт президенті бір-ақ тұр. Сатып алушы қайсысын таңдаймын десе де, тақиясына тар емес. Сондықтан, біздіңше, Әрсеннің еңбегі әкімнің портретінен қалай болғанда қымбат бағалануы керек-ақ. Әйтпесе, ертең «Екеуі бірдей жүріп Бақауовқа татымады» дейтін әңгіме шықпасына кім кепіл?!

Дереккөз: NEGE

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары