Көрерменге шоу көрсетіп, таңғалдырмақшы болған әртістер оқыс оқиғаға тап болды. Өзбекстанның екі акробаты Нидерланд елінің астанасында өнер көрсетіп жатқан кезде 10 метр биіктіктен құлап кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, NL Times-қа сілтеме жасап.
Әртістер мұндай жағдайға Корольдік театрда өнер көрсету кезінде ұшыраған. Куәгерлердің сөзіне сенсек, ер кісі әйелді бір қолымен ұстап босатқан кезде әртіс әйел құлап кеткен екен. Артынша оның үстіне ер кісі топ ете түскен.
"Ол арқасымен құлады. Қозғалған жоқ. Ал ер адамның қозғалғанын көрдім", – дейді оқиға орнында болған көрермендердің бірі.
"Sky Angels" атты сахналық ұжымның акробаттары сақтандырусыз өнер көрсеткені белгілі болды. Бұл олардың нөмірінің басты артықшылығы көрінеді.
Әртістердің топ етіп, бірінен соң бірі құлағанын көрген көрермендер олардың әрекетін шоудың бір бөлігі деп ойлап қалған. Дегенмен, залдағы адамдар айқайлай бастағанда оқыс оқиға екенін көпшілік түсіне бастапты.Осыдан кейін бірер минут өткенде жүргізуші шоудың аяқталғанын хабарлап, көрермендердің залдан шығуын өтінді.
Қазіргі кезде екі әртіс ауыр халде жатыр.