09.01.2020, 20:15

«45 жыл сахнада жүрген менің өзім 75 мың теңге зейнетақы аламын» - Рымбаева Тоқаевқа тағы не айтты?

фото: aikyn.kz
Роза Рымбаева бұған дейін Ақордаға кіріп көрмепті. Сонымен қатар, ол президенттің өзімен жеке қалып, ешқашан әңгімелеспеген.

Қазақстанның «Еңбек Ері» атағын алған Роза Рымбаева марапатты табыстау сәтінде батылдық танытып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауын сұрады, деп жазады Stan.kz, «Время» газетіндегі сұхбатқа сілтеме жасап.

Роза Рымбаева бұған дейін Ақордаға кіріп көрмепті. Сонымен қатар, ол президенттің өзімен жеке қалып, ешқашан әңгімелеспеген.

Президентке өзінің алдағы 45 жыл сахнада өнер көрсетуіне байланысты мерейтой өткізуіне көмек сұрай барған оны мәдениет саласындағы жалақы мен зейнетақының аздығы да алаңдатқан көрінеді.

«Мен мәдениет қайраткерлерінің ішінде өзімді мысалға келтіріп отырып, сөз қозғайын дедім. 45 жыл сахнада өнер көрсетіп, еңбегімді ақтап жатқан менің өзім 75 мың теңге зейнетақы аламын. Сосын бұл жағдай туралы айтудан ұялдым. Тек менімен бірге жұмыс істейтін, музыкалық аспаптарда ойнайтын адамдардың жалақысының аздығын ғана айта алдым. Меніңше, президент бұған көңіл бөледі», - дейді Розы Рымбаева.

Бұған қоса, президентке өзінің жеке музыкалық орталығын ашқысы келетіндігін де жеткізіпті. Алдағы уақытта сол орталықта жас өнерпаздарды тәрбиелеп, өнерге баулығысы келетіндігін айтқан.

«Орталықта тәлім алатын музыканттар халықаралық байқауларда елдің абыройын асқақтатса екен», - дейді ол.