Отандық кино тарихында мемлекеттік бюджетті шығындап, «ұлт боп ұйысып, жұрт боп жұмылып» түсірген «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Қазақ хандығы» сынды тарихи фильмдер бір ғана әзілкеш Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски» комедиясының жанында «жіп есе алмай қалды», деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Нақты айтқанда, кейінгі «Бизнес по-казахски в Корее» фильмі қазақстандық картиналардың арасында рекорд орнатып, 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинады. Бұл – Нұрлан Қоянбаевтың осы тақырыптағы фильмдерінің төртіншісі.
«Бизнес по-казахски в Корее» 2020 жылдың 12 қаңтарына дейін 1 008 552 674 теңге қаржы жинаған. Айта кетсек, комедия жанрындағы фильмнің алғашқы шығарылымы көрерменге 2016 жылы жол тартса, одан бір жылдан кейін 581 миллион теңге жинаған «Бизнес по-казахски в Америке» киносы жарық көрді. Ал содан кейін Қоянбаев 772 миллион теңге пайда түсірген «Бизнес по-казахски в Африке» фильмін экранға шығарды.
Осылайша, Америка, Африка және Кореяда таспаланған қазақтың 3 киносы қаржылық жағынан отандық фильмдердің ең жоғарғы деңгейіне бір-ақ көтерілді.
Енді қазір Құралай Анарбекованың «Брат или брак» фильмі солардан кейінгі төртінші сатыға табан тіреп тұр. Оның осы кезге дейін жинап үлгерген табысы – 400 миллион теңгеден асады.
Бұл – бірін-бірі қашаннан қалжыңмен қағытып, сықақпен сықпытып алып отыратын қазақтың жанына комедия жанры жақын болып тұр деген сөз. Алайда, кино түсірудің жөні осы екен деп қомақты қаржыға құнығып, «Ойын білмеген бала шешесінің артын түртіп ойнайды» дегеннің керін келтіріп алмасақ жарар еді.