18.01.2020, 14:55

«Аналардың қолын бұрап әкетіп жатқан кезде естімей қалдың!»: желіде Мейрамбек Бесбаевты «қорқақ» деп атады

Фото: Egemen.kz
Ұшақ құлағанда неге ойыңды жазбадың? Ал енді қалтасына 5 теңге түспей қалып еді зар илейсің. Бұл қай сасқаның? Батыр болсаң неге алдына барып айтпай, тығылып әлеуметтік желіде жазып отырсың қорқақ?

 Алғаш "Бозторғай" әнімен танылған әнші Мейрамбек Бесбаев Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланған кейін, ол әншілердің шаруасына араласқан Зағипа Бәлиеваға арнап желіде ашық хат қалдырған болатын. Қазақстандық БАҚ-да кеңінен жариялаған Мейрамбектің хатын оқыған Зағипа Яхияқызы да, "Естіген құлақ есебін беретінін ұмытпай" әншімен арада болған дүрдараздыққа қатысты жауап бергені баршаға белгілі.

Лауазымды қызметкер мен танымал әншінің арасындағы бұл жайттан хабардар болған халық та осы орайда үнсіз қалмады. Мысалы, халықтың ашық пікір айтатын алаңына айналған facebook-та әншілердің қаламақысын сұрап мәселе көтерген Мейрамбекке жұрт сын садағын қадады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Көп балалы аналардың қолын бұрап әкетіп жатқан кезде естімей қалдың! Қытайдағы қарындасымызды жазықсыз түрмеге жапқанда аузыңа құм құйылды! Қытайлар жерімізді басып жатса тіс жармайсың! 5 бала өртеніп кеткенде ше? Ұшақ құлағанда неге ойыңды жазбадың? Ал енді қалтасына 5 теңге түспей қалып еді зар илейсің. Бұл қай сасқаның? Батыр болсаң неге алдына барып айтпай, тығылып әлеуметтік желіде жазып отырсың қорқақ?", - деп facebook әлеуметтік желісінде Тұрсын Жағыпарұлы Сұлтан деген азаматтың "Айтарым бар" деген топқа жариялаған пікірін Найғағұлұлы Қуаныш есімді кісі бөлісті.

Дегенмен арада бірер сағат өтпей жатып, жазба авторы пікірін өшіріп тастады. Бірақ, қас-қағым сәтте біз ол кісінің жариялаған жазбасын суретке түсіріп үлгердік.

Ел ішінде үлкен оқиғалар болып жатқанда үндемей қалғанына шамданған автордың ойынша Мейрамбектің  "Өзім дегенде өгіздей қара күшім бар" деген ұстанымына ұқсайды-мыс.

Айтпақшы, втордың бұл сынына басқа да желі қолданушылары түрлі пікірлерін қалдырып үлгерген.

 Мәселен, Маржан Нұрсейтова: "Соны айтамын да" десе, Гүлхан Бекбауова: "Ол ақиқатты айтып отыр, өз ақыларын талап етіп отыр. Неге ол ақшаны біреу пайдалану керек? Егер ол ақшадан әншілер бас тартса, қайырымдылық қорын әншілер өздері ашып, өздері басқарып отыру керек", - деп қызу пікірталасқа қосыла кетті. Ал Әли Елеусізова: " Адал азаматтар бас көтеруде. Халық қолдау көрсету керек. Мейрамбекті қолдаймын", - деп смартфон клавиатурасы арқылы үн қатты.

Шори Имангалиев деген азамат  "Зағипаның істеп отырғаны өте дұрыс. Бұларға Зағипа сияқты басшы керек. Әртістердің екі аяғын бір етікке тығатын. Бұлардың ақшасынан не пайда? Халыққа оданда ол ақшаға балабақша салып берсін. Зағипаға бұл əртістердің үстінен тергеу жүргізуін қолға алуы керек. Қайдағы ол бос жатқан ақша. Əртістер халықпен бірге емес, демек, ол ақша Халықтікі", - деп ақшаның кімдерге тиесілі екендігіне шешім қабылдап тастаған сыңайлы.