$ 494.87  520.65  4.91

«Сіз де Арыстанбек Мұхамедиұлымен мүдделес пе едіңіз?»: Балтабек Нұрғалиев министрге мінез танытты

«Қазақстан театрлар ассоциациясы» ұйымдастырып келе жатқан «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы» тақырыбындағы жүлдені ойлап табудың не керегі болды екен немесе кімге керегі болды екен? Арыстанбек Мұхамедиұлына ауадай қажет болған бастамаға ұқсайды. Тұңғышбай Жаманқұловты жығу үшін бе?».

Көпшілікке одашылдығымен танылған жас ақын Балтабек Нұрғалиев бұл жолы facebook парақшасы арқылы шенеуніктердің біріне шүйлікті. Ол Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы осы ведомствоның экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірігіп, Тұңғышбай Жаманқұловты тұқырта түсуге кіріскен сыңайлы деп есептейді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Толығырақ тоқталсақ, «Құрметті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы!

...Мен Сізді алдағы мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде менің ұсыныстарым мен тілектерімді ескеруге шақырамын. Бұл тек бірінші ұсыныс. Дұрысын өзіңіз түсіндіріп берсеңіз. Менікі кесімді, шешімді талап емес. Ой ғана. Сауал қою деп ұғарсыз. Сындарлы диалогқа шақырудың көрінісі.

«Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» деп Абай айтқандай, ел арасында бір «сыбырдың» бар екенін білесіз. Сіз сол «сыбырды» тоқтатып, нүкте қойсаңыз. Қазақстан театр қайраткерлері одағымен қатар Қазақстан театрлар ассоциациясы не үшін қажет екендігін қазақстандық театралдар түсінбей отыр.

Бұл бір саланың мамандарын екіге бөліп, ынтымағын ыдыратушылық емес пе? Оның үстіне, бір мемлекетте бір театр саласына қатысты екі ұйымның болуынан біз мемлекет ретінде не ұтпақпыз? Бірде-бір мемлекеттің тәжірибесінде бұндай екі жаққа бөлінушілік деген атымен жоқ. Сонымен қатар, бұлай бір театр саласын екіге бөлу арқылы мемлекет қаржысын мағынасыз жаратуға, ысырапшылдыққа жол беріліп отырған жоқ па?

Үкімет қаражатын үнемдеп жұмсап, керісінше, театр қайраткерлерін жарастыратын жобаларды жасап келе жатқан тарихы терең, тәжірибесі мол бір ғана Қазақстан театр қайраткерлері одағын қалдыру керек деп есептеймін. Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты, профессор Тұңғышбай Қадырұлы 2009 жылдың күз айынан бастап төраға болып табылатын Қазақстанның театр қайраткерлері одағына республикамыздың барлық театрлары бірауыздан мүшелікке қайта өтулері керек деп ойлаймын.

О баста барлығы бірге еді ғой? Роза Жаманова, Әзірбайжан Мәмбетов тағы басқа театрдың тарихта қалған қайраткерлері осы одақ құрамында болғанын жақсы білесіз.

Егер Сіз менің осы ұсыныс-тілегімді қабыл алсаңыз, қазақстандық театралдардың басым бөлігінің алғыстарына бөленіп, бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы кезеңінде орын алған жағдайға көз жұма қарамай, әділетті қоғам қалыптастыруға үлес қосқан болып саналар едіңіз. Сол кезде Арыстанбек Мұхамедиұлының жолын жалғастырушы емес екендігіңізді, театрдың жанашыры екендігіңізді дәлелдер едіңіз. Әлде, Сіз де Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров секілді Арыстанбек Мұхамедиұлына адал жақын дос, сенімді серік, мүдделес пе едіңіз?

«Қазақстан театрлар ассоциациясы» ұйымдастырып келе жатқан «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы» тақырыбындағы жүлдені ойлап табудың не керегі болды екен немесе кімге керегі болды екен? Арыстанбек Мұхамедиұлына ауадай қажет болған бастамаға ұқсайды. Тұңғышбай Жаманқұловты жығу үшін бе? Қазақстан театр қайраткерлері одағы ұйымдастыруындағы «Еңлікгүл» деп аталатын керемет есімді иемденген салмақты сыйлық бар емес пе еді?

Сол сыйлықты қайтару керек деп санаймын. Себебі, «Сахнагер» сыйлығын үлестіру үдерісінде де театралдарды алалаушылық бар секілді көрінбей ме Сізге? Сыйлыққа ұсынылушылар мен ие болушылардың көбі Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемировтың ғана жақындары, шәкірттері және мүдделестері.

Сонда Асхат Маемировпен бірге бір дастарқанда басы бірікпегендер мен бір ассоциация құрамы қатарына кірмегендердің жайы не болмақ? Бұл министрлік имиджіне кері әсер етпей ме? Таланттар тұншығып жатқан жоқ па? Мемлекет имиджін төмендететін тірлік емес пе? Меритократиялық қағидаларға қайшы қылық емес пе? Қалай ойлайсыз?

Ой-сұрақтарыма, ұсыныс-сауалдарыма жауап беруіңізді өтінемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің бірлігін үнемі айтып жүр. Сіздің министрлік еліміздің мәдениетіне қатысты мәселелерді реттейтін министрлік болғандықтан, бұндай жағдай Елбасымыз бен Президентіміздің бірлік туралы тұжырымдарына сәйкес келе ме?

Мен Конституцияны құрметтейтін азамат ретінде қойып отырмын бұл сауалымды. Конституцияға қайшы келетін қадамдарға ешкімді шақырып отырған жоқпын. Тағы қайталап айтамын, бұл сауал, ешкімді күштейтін талап емес.

Осы жазған ұсынысыммен, ой-сауалыммен келісетіндерден лайк басуды, бөлісуді немесе «қолдаймын» деп жазба қалдыруды өтінемін! Рахмет!» деп жазды Балтабек Нұрғалиев.

Бұған дейін оны шенеуніктерді мадақтап жыр жазғаны үшін кекетіп-мұқатып, сынап-мінеп келген желі қолданушылары осы сәтте бірауыздан құптай кетті. Олардың 120-дан астамы жазбаны қолдайтындарын жазса, 37 адам өз парақшаларында бөліскен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары