Былтырғы жылы сынның астында қалған танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа өзінің қателіктерінің кесірінен сынақтан өткенін мойындады. Қожалар, ақсүйектер, қазақтар жайлы сыни пікірін айтып қалып, халықтың алдында абыройы айрандай төгіле жаздаған жігіт басынан өткен сынақтарды "Өзімнің кезінде жасаған қателіктерімнің, күнәмнің кесірінен болды" деп ағынан жарылды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, "TalkLike" жобасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сұхбат барысында өзін сынағандардың артта қалғанын айтқан әнші:
"Сәуір айында блогерлердің жазбасымен, нешетүрлі монтаждың, эфирдің құдіретімен, ана дымға білімі жетпейтін, Ақтөбе жақтағы бір балалардың ютуб үшін, просмотр үшін жасайтын жұмыстарымен бір сынақ болды. Ол сынақ Алланың жар болуының арқасында өтті де кетті. Сасығандар сол күйі бықсып қалды. Менің дыдым да кеткен жоқ, шынымды айтсам", - деп қиындықты еңсере білгенін жеткізді.
Одан бөлек, жүректен шыққан ән жүрекке жететінін тілге тиек ете келе, шығармашылық жайлы кеңінен қозғаған Әбдіжаппар Әлқожа тағы да ру туралы әңгімесіне ойысты.
"Өнердегі аға-әпкелердің өздері "Ру туралы әңгімені байқамай айтып қойыпсың, ештеңе етпейді тарихта бар нәрсе ғой. Қазақ өзі, хандардың өздері солай атаған Төре мен Қожаны былай бөліп, үш жүзді былай бөліп дегендей деп адамдар айтты. Мені айыптап жатқандар кімдер? Соған білімдері жетпейтіндер. Өз тарихына білімі жетпей, қазақты қара дедің деп алып Ахмет Яссауидің басынан история салады. Күлкім келді, бір жерім күлді. Өйткені, ол не істеп жатқанын білмейді, тек шулатса болды. Кім көтеріліп келе жатыр соның бір жерден бірдеңесін кесу да. Соған жыным келді", - деп өзін сынағандардың аузына құм құйды.
"Ержігіттің басына не келіп, не кетпейді" деген ұстанымдағы әнші, студент шағында өзінен үлкен жігіттерден әлімжеттік көріп, таяқ жеген күндерін есіне алып, бозбала шағындағы тәтті естеліктерімен бөлісті. Мәселен, "Өз күніңді өзің керек керек болып, роллтон мен майонезге ақша табуың керек" деп өткен күндерінің парақтарын ақтарды.