Жол ережесін жиі бұзып, жылдамдықты шегінен асырып сергек камерасына түскен Дәурен Айдарқұлов айыппұлын өтемей жүр деп хабарлайды Shownews.kz.
Мемлекет мегаполис көшелеріне сергек жүйесін орнатқалы шоу-бизнес өкілдерінен маза кетті. Жұлдыздар асығамыз деп, шетінен жасырын камераға түсіп қалталарынан қағылуда. Мәселен, темір түлпарды жиі тізгіндейтін Қара бала қалаға шыға қалса айыппұл төлеп, әбден әуре-сарсанға түсетін көрінеді.
«Мен ең алғаш рет 340 мың немесе 350 мың теңге төледім. Содан соң 30-40 мыңнан арасында төлеп тұратынмын. Қазіргі Алматыға жаңадан орнатылған сергектерден кейін үйге әзірше ескерту келген жоқ енді. Келгеннен кейін барып көреміз. Білмей жүрмін кейде камераны байқамай өтіп кететін сияқтымын», -деді Нұржан Керменбаев.
Тапқан табысының тең жартысын сергекке беріп, айыппұлға белшесінен батқан әртістер мұнымен шектелмек емес. Жол ережелерін сақтамай, жылдамдықты асырып опық жеген жұлдыздар жетерлік.
«Екі ай өтіп кетті, 270 мың штраф төледім. Сергек мен сені жек көремін. Енді ол камера біреуге керек шығар білмеймін. Маған керек емес әйтеуір. Маған түк қажеті жоқ», – деді Жахан Отарғалиев.
«Сергекке шынымды айтайын 150 мың теңге төледім. Енді шыны керек біз мойындаймыз концерт, той асығатын кездер болады. Ондай кезде сергекке қарамайсыз ғой. Сондықтанда енді халықпен бірге төлеп жатырмыз», – дейді Жанболат Найзабеков.
«Кейде бір жерге асығып, 60 пен жүретін жерде 70 пен 80 мен өткің келеді. Бірақ, оның өзі мүмкін емес. Олда бір халыққа кішкене қысым түсіреді деп айта аламын», – дейді Renzo тобының жігіттері.
Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер қатарында Айдарқұлов та бар. Дәуренге талай мәрте ескерту қағаздары келгенімен, актер айыппұл төлеуге асығар емес.
«Ескерту қағаздары жиналып қалды біраз, бірақ әлі төлеген жоқпын. Шектен шыға бастаған кезде төлейтін шығармын», – деді Дәурен Айдарқұлов.
Сергек жүйесі іске қосылғалы Сәкен Майғазиев те сақ жүруге бекінген. Есіне түссе ережелерді сақтап, жолдағы ескертулерді ескеріп, барынша камера обьективіне ілікпеуге тырысады. Алайда, Музарттық әншінің жүргізушілерді әуреге салған жүйе авторларына айтар өтініші бар.
«Енді көбіне жүретінім Әл Фараби, Абай сондай даңғылдардың барлығын ескертіп қойған. Жол ережесін, қауіпсіздік ережесін сақтаймын. Ол жағына келгенде ұқыптымын. Бірақ енді көп адамның арманы бар демалыс күндері сергекті өшіріп қояса екен, тез жүретіндей жерлер болса екен деген сияқты», – дейді Сәкен Майғазиев.
Сергек жүйесі темір тұлпарды талғамайды. Камераға іліккен қарапайым халық пен танымал тұлғаға қойылар талап бір! Ережеге бағынбаса кез-келген көлік жүргізушісі айыппұл арқалайтыны анық!