Кеше Мәжіліс депутаттары лотерея туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, енді арнайы лицензиясыз әлеуметтік желілерде лотерея өткізуге тыйым салынады. Ал бұл талапты орындамағандарға 5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.
Sputnik Қазақстан тілшісі Instagram желісінде лотерея өткізіп жүрген әншілердің жаңа заң жобасына қатысты пікірін білді.
Әнші Бүркіт өзінің Instagram парақшасы арқылы лотереяның екінші легін ойнатып жатыр. Бұған дейін ол ән жинақтың электронды нұсқасын 10 мың теңгеге сатып, пәтер, көлік пен жүздеген тұрмыстық заттарды ойнатса, осы жолы тура сондай сыйлықтарды ұтысқа тігіп отыр. Ал лотереяға шектеу қойылса, халық осындай мүмкіндіктен айырылады дейді.
«Меніңше, ол дұрыс емес. Ол заңмен онша келіспеймін. Біз өз лотереямызды ашық өткіземіз. Халыққа барынша жақсылық жасауға тырысып жатырмыз. Осы жолы бес адам автокөлік иесі, Нұр-Сұлтан қаласында бес пәтердің иесі болады. Ол жаман ба? Әрине, жақсы. Қазірдің өзінде үкімет те пәтерді әшейін беріп жатқан жоқ қой. Ал бізде 10 мың теңгені тігеді де, бір пәтерді ұта салады. Бұл лотереядан барлығы бақытты болады», - деді Бүркіт, сайт тілшісіне берген сұхбатында.
Әншінің айтуынша, бүгінде оның жиені де Алматыда пәтер ала алмай жүр.
«Өзі алғысы келіп отыр. Кішкене ақшасы бар, бірақ, жетпей жатыр. Мысалы, ол лотереядан пәтер ұтып алса, қандай жақсы болар еді. Туысқандарының бәрі қуанатын еді. Бірақ, біздің лотереямызға қатысып жатыр ма, жоқ па, онысын білмедім. Билет алған шығар. Маған айтқан жоқ», - деп атап көрсетті ол.
Ал Қарақат Әбілдина 5 мың теңгенің шұлығын сатып, халық арасында пәтер мен көлікті ойнатқалы жатыр. Оның айтуынша, бұл – лотерея емес.
«Мен маркетингтік мега-акция өткізіп жатырмын. Бұл – өз өндірісім, біреудікі емес. Өз баспанам, өз «подписчигім», бәрі заңды. Біз заң аясында ғана қимылдап отырмыз. Отандық өнімді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жатқан маркетингтік мега-акция. Біз заңгерлермен ақылдастық. Бұл жоба заңға қайшы емес», - деді Әбілдина сұхбат барысында.
Әнші «бір жапырақ қағазға нөмір соғып, онымен бәрін былықтырып жатпағанын» да жеткізді. Сондықтан лотерея мен мега-акцияның ара-жігін ажырату қажет дейді.
«Бұл – лотерея емес. Мысалы, үлкен сауда орталықтары өткізетін ұтыстар болады ғой. Азық-түлікті белгілі бір сомаға сатып алсаңыз, ұтысқа қатыса аласыз. Осындай маркетингтік тәсілдер жасалады. Ешкімді қинамайды. Біздікі де сондай. Шұлық жасқа да, кәріге де, қыста да, жазда да қажет. Адам шұлықсыз жүрмейді», - деп атап көрсетті Әбілдина.
Алайда, Мәжілісте жаңа заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея өткізген әртістер мен блогерлер жазасыз қалмайтынын айтты.