Әділхан Ержановтың қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын «Қап-қара адам» атты нуар жанрындағы картинасы үлкен экранға жол тартты, деп хабарлайды Shownews.kz.
Осыдан бірнеше ай бұрын Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильмінің тұсауын Испанияда кескен еді. Көп ұзамай, «нуар» жанрындағы картина үздіктер қатарынан табылып, азиялық «Оскарға» ие болды. Австралия, Түркия, Швейцария, Голландия, Норвегия және Корея! Отандық өнім әлемдік киноиндустрияны бағындырып, шытырман оқиғаға толы туынды еуропалық көрерменнің де көңілінен шыққан.
«Басқа мемлекетке барғанда бізді жақсы қабылдады. Салт-дәстүрі, ұстанымдары басқа болғанымен, фильмге қызығушылар көп болды. Әрине, киноны басында түсінбегендер де болды. Бірі ұнатса, бірі ұнатпай жатты», – деді Әділхан Ержанов.
«Әділхан Ержановтың сондай мықты фильмдерінің бірі деп білемін. Испанияда бізді өте жақсы қабылдады. Әлем бойынша ең мықты журналдардың біріндегі рецензиямыз өте жақсы. Дәл осы картинадан кейін испандықтар қазақ киноларына қызығушылық таныта бастады», – деді Данияр Алшинов.
Таяуда түсірілім тобы жабық көрсетілімін көрерменге ұсынды. Енді бұл фильм отандық прокатқа жол тартпақ. Онда қоғамдағы өзекті мәселе суреттелген. Бекзат есімді тергеуші педофильдің қолынан қаза тапқан бала өліміне қатысты істі қолға алып, кінәні жазықсыз жанның мойнына ілгісі келеді. Алайда, қылмысты зерттеуге қаладан келген журналист қыз араласады. Картинадағы Ариана есімді арудың рөлін Динара Бақтыбаева сомдаған.
«Бұл менің Әділханмен екінші кином. Алғашқыда образым маған ұнамады. Бірақ, дайындық кезінде режиссермен бір келісімге келдік. Өйткені, басында Ариананың мінезі фильмдегідей болған жоқ. Басында оның мінезі ер мінезді ару болатын. Бірақ, фильмде өте нәзік қыз болып шықты», – деді Динара Бақтыбаева.
Қызметін асыра пайдаланған қылмыстық топ фильмнің соңында толықтай қырылады. Басты рөлдің бірін сомдаған актер Данияр Алшын өз қатесін түсініп, жетімдерге жәрдем етуді жөн санайды. Алайда, Сатаевтың қолдауымен таспаланған киноға актерлік құрам жасақтауда Ержанов арнайы кастинг жүргізбеген.
«Негізі біз ауқымды кастинг жасай алмаймыз. Өйткені, қаражат жеткіліксіз. Сондықтан актерларды ғаламтор желісіндегі видеолардан қарап таңдап алдық», – деді Ержанов.
«Қап-қара адам» картинасы шетелдік киномандарға ұнағанымен, елімізде өз көрерменін таппайды деген күдік бар. Себебі, комедияға көзі үйренген халық детектив жанрындағы фильмге жатырқай қарауы әбден мүмкін. Оны тың туындының алғашқы көрсетіліміне келген әртістер де жоққа шығармайды.