Белгілі әншілер Тоқтар Серіков пен Мейрамбек Бесбаев ашық-шашық киініп ән айтатын қыздарға реніштерін білдірді. Олар бұндай ерсі әрекетке тыйым салуды мемлекет деңгейінде қолға алу керек деп есептейді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, НТК арнасының «Ревю» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Жалпы, жалаңаш өлең айтқандарды тыңдамаймын, жасыратыны жоқ. Мен оны балаларыма да көрсетпеймін. Болады бізде, бейнебаяндарды тамашалап қарап отырамыз, аяқтары, жалаң бұттарын көрсетіп жатқан жерінен өшіріп тастаймын.
Әр ұлттың өзінің мәдениеті болады. Әр ұлттың өзінің мінез-құлқы болады. Мен қазақ деген халқымның мінезіне, менталитетіне келмейтін бір дүниелер бар, соны көрсетпей-ақ қойса екен деймін», - деді Тоқтар Серіков.
Ал Мейрамбек Бесбаев ашық-шашық киінетін әнші қыздарды көріп қалған кезде, ол жүрістерінің ұят екенін өздеріне де айтып жүрген көрінеді. Алайда, жеңіл жолмен «хайп» жинайтын сылқымдардың аға буынның ақылына құлақ асатын түрлері байқалмайды.
Тағы оқи отырыңыз: «Дүнгендерді жақтап тұрған жоқпын»: Қарақат Әбілдина шулы жазбасын не үшін өшіргенін айтты
«Барған жерде айтып та жүрміз. Нәтиже шықпай жатыр әлі. Бірақ, бұны шынында да қолға алу керек. Кәдімгідей мемлекет қолға алмаса, бетімен кетті шынымен де. Түсінбей жатырмын бұны, біз неге бұндай қадамға барғыш болып кеттік? Бұдан да шаршайтын шығар ел» , - деді Мейрамбек Бесбаев.