Халық әртісі Мақпал Жүнісова өзінің өмірі жайлы 10 томдық кітап жазуды қолға алмақ, деп хабарлайды Shownews.kz.
«Кітаптарым 10 томдық болып тұр. Бірақ, барлығы ішімде. Қазір шынымды айтсам, дайын тұр кітабым. Оны сайрап, өзім айтып, біреу көшіріп алатын болса жақсы. Оған уақыт болмай жатыр. Бұл туынды, жалпы, менің бала кезімнен бастап, осы жасқа дейінгі көргенім болмақ», – деді Мақпал Жүнісова.
Ал жеке өмірді ақ қағазға түсіріп, жұртқа жария ету қаншалықты орынды? Мәселен, Мақпал ханымның замандастары мұндай қадамды құптамайтын секілді.
«Кітап жазғаннан кейін оны оқыған адам өмірі сондай екен деп қана қоймай, бізден кейінгі буынға берері болуы керек. Кәдімгідей мектеп сияқты болуы керек кітап деген. Жалғыз ғана біздің өміріміз туралы мәлімет қана емес, кәдімгідей естелік, оқулық сияқты болуы керек», – деді Лидия Каденова.
Бүгінде авторлық туындыны жарыққа шығару танымалдар арасында трендке айналғандай. Жасы да жасамысы да кітап жазуға құмар. Алайда, отандық шоу-бизнесте белең алған бұл үрдісті алдыңғы буын өкілдері құптамайды.
«Кітапты енді менің білуімше үлкен, жасы келген кісілер жазуы керек. Мәселен, 60-тан кейін кітап жазса жақсы. Сонымен қатар, бастысы, оның таралымы қанша, ол кімге керек, кім оқиды деген сөз ғой», – дейді Данагүл Темірсұлтанова.
Иә, Данагүл Темірсұлтанованың сөзінің жаны бар. Таяуда «Жігіттер» тобының белді мүшесі Бағлан да авторлық кітабының тұсауын кесіп, халық назарына ұсынған еді. Десек те, Әбдірайымовтың бұл туындысына оқырман түгілі сахнадағы серігі Айдар да қызығушылық танытпаған.
«Бағланның кітабын оқыған жоқпын. Бірақ, мазмұнын, оқиғасын білемін. Негізі мен Қазақстандық жазушыларды көп оқи қоймаймын. Қазір орыс жазушыларын оқып жүрмін», – деді Айдар Тұрғанбек.
Қанша сынға іліксе де жұлдызды жазушылардың қатары артпаса, азаяр емес. Талай хит әнге сөз жазған Құрманай Бахтиярқызы да кеше кезекті авторлық кітабының тұсауын кесті.
«Абайдың қара сөздері тарихта қалса, Құрманайдың құнды сөздері жүректе қалсын деген ниетпен арнайы құнды сөзімді жүз бірге жеткізіп, мынау халыққа жетсін деген ниетпен жаздым», – дейді Құрманай Бахтиярқызы.
Қазіргі таңда ақын да, әнші де кітап жазуға құштар. Танымалдар арасында белең алған бұл бәсекелестік талантты көрсетуден гөрі, табыс табудың төте жолы секілді.