Ғұмырдың екі кезеңі ыстық бола түседі ме деймін жылдар өткен сайын. Оның бірі – қамсыз балалық дәурен де, екіншісі, албырт жігіттік кезең екен. Алаңсыз уақыт... Бірақ ұзақ емес. Бірте-бірте алыстай береді. Оралмасын білсең де аңсайсың. Жадта қайта жаңғыртасың есіңде сақталған жайттарды, көз алдыңа бейнесін әкелесің. Бір сәт жаныңа шуақ төгеді. Мерейленесің... Бала кезімізде талай куә болғанбыз, бас қосып қауқылдасқан ауыл қарттарының жастық шақтарын сөз еткеніне. Кейбірі тіпті жас ала-тұғын жанарына. Ескі күніне елеспен саяхаттап, көңіліне медет табады екен ғой кейін бағамдасам... Сол күйге біз де еніп келе жатқан жайдамыз.
Сұрастыра-сұрастыра жүріп, кейініректе тауып алған, бұла дәуреннің куә-белесі студенттік кезде бірге оқыған, алыста тұратын төрт-бес «қыз-жігітке» ара-тұра телефон шалатыным бар. Сол әдетпен бірде сонау Өскемендегі Ниязбеков Қанатқа хабарластым. Жанқалтадан жарты құрт бөліп жеген жан дос. Қазір облыстық драма театрда актер. Бұл жолы ұзақ әңгімелестік. Өткен-кеткенді еске түсірдік. «Анау қайда, мынау қайда?» «Анау анда, мынау мында». «Ал, – деймін одан әрі бәрін біле түскім кеп, түгендеп алмақ ниетпен, – ана Талғат қайда осы? Сұрастырсам ешкім білмейді. Хабарың бар ма? Ысмағұловты айтам. Домбырашы». «Ай, ол қайтыс болыпты. Әділхан айтты. Қабылов ше. Қайдааа...» Төбемнен су құйып жібергендей... Біразға шейін ешнәрсеге зауқым соқпады. Талғаттың бейнесі көлбеңдей берді...
1983 жыл. Тамыз айының соңғы күндері. Алматы шаһары. Республикалық эстрада-цирк өнері студиясына түскен кезіміз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған қыз-жігіттер. Бәріміз де Байзақов пен Жандосов көшелерінің қиылысындағы Мәдениет министрлігінің жатақханасынан орын алдық. Бір-бірімізбен жөн сұраса бастадық. «Танысып қояйық, атың кім?» «Атым Бәленше», «Мен Түгенше». «Қайдансың?» «Бәлен жақтанмын». Оқуға түскендердің ішінде ұзын бойлы, шашы қайратты, ойлы жанар, қырша мұрын, қалың қасты, ақшыл өңді жігіттің өнері өзгелерден ерекшеленіп тұрды. Күйдің сан түрін төгілтеді. Бірінен соң бірін. Құрманғазы, Дайрабай... Домбыра пернесінде жоғары-төмен жүйітки қозғалған салалы саусақтары мен көсілте қаққан тегеурінді қағысының мәнер-тұрпаты, алуан айшықты дыбыс-өрнегі бәрімізді таңқалдырды. «Мықты, мықты...» – дейміз басымызды еріксіз шайқап. Білістік. Есімі – Талғат екен. Фамилиясы Ысмағұлов. Петропавловтанмын дейді. Сөзге сараңдау көрінеді.
Сол кездегі үрдіспен, оқуға кіріспестен бұрын бізді бір айға Талдықорған жақтағы аудандардың біріне қарасты колхозға көмектесуге жіберді. Алқапта картоп жинадық. Жұмыстан соң шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Жастықтың әсері. Кешкі астан соң ән созамыз, күй тартамыз. Түннің бір уағына шейін ду-ду. Қыздардың сыңғыр-сыңғыр күлкісі... О, дариға-ай! Басымызбен барып тасты ұрған, өкпеміз жоқ қырмызы қызыл заман еді ол да бір!
Түстікті жұмыстың басында әзірлейтін-ді. Аспазшылар үстел үстіне қасық-шанышқыларды, ыдыстарды, нан тілініп салынған табақтарды орналастырып қойып шыққанша әжептәуір уақыт өтеді. Сондайда Талғатқа «Көңілашар» дейді жігіттердің біреуі. Соны ол күтіп отырғандай. Дереу Мақсаттың жанынан тастамай ала жүретін домбырасын қолға алады. Күмбірлете жөнеледі. Күй басын аттардың шауып келе жатқан тұяқ дүбірімен әсерлендіріп жіберетін. Әуелі алыстан талып естіледі. Сонан соң сол дыбыс жәйлап жақындай береді, жақындай береді. Сәлден кейін қалың дүбір ап-анық естіліп, құлақтың дәл түбіне тақалған сәтте күй әуені басталып кетеді. Мың сан тұлпар сатырлата шауып қасыңнан өте шыққандай... Кейде «Адайды» арындатады. Кейде «Шалқыманы» шалқытады. Талғат жеткізу машықтары күрделі осы күйлерді де өзгеше бір құштарлықпен сүйініп орындаушы еді. Оң қолының жеңіл қозғалысын, тегеурінді қағысының жойқын екпінін соңына дейін пәс түсірмей қалыбында сақтайтын... Оқу бітіргенсін оның әйдік домбырашы болатынына, талантының жарқырай танылатынына бәріміз шүбәсіз сеніп, әсем шәрі Алматыға оралдық.
Сабақ басталып, біршама уақыт өтті. Студенттер әр мамандық бойынша топтасып, бірге жүретін болды. Халық әртістері, әншілер Ғарифолла Құрманғалиевтың, Жүсіпбек Елебековтің (оқытушысы Жәнібек Кәрменов) және домбырашы Құбыш Мұхитовтың класында оқитын шәкірттер бір ортаға біріктік. Өзгелер «народниктер» деп атап кетті біздің тобымызды.
Талғаттың сабақ алатын ұстазы – профессор Құбыш Мұхитов. Халық композиторы, әнші Мұхит Мералыұлының жұрағаты. Тәжірибелі, беделді, шоң педагог. Бұл кісінің алдынан өткен шәкірттері шетінен ел таныған дәулескер домбырашылар. Қаршыға Ахмедияров, Рақым Тәжібаев т.б. Талғат Мақсат деген жігітпен бір бөлмеге орналасқан-тын Ақтөбенің Ойыл жағынан келген. Себебі екеуі де Құбыш ағаның класында оқиды. Бірге барады сабаққа, бірге келеді. Егіз қозыдай. «Әй, Талғат, болсайшы кешіктік қой», – деп асықтырған курстас досының соңынан жүгіре шыққан Талғат ботинкасының бауын жүре байлап бара жататын ылғи. Мақсат әкеден ерте айрылған. Жалғыз ұл екен. Мінезі жұмсақ. Ақкөңіл һәм бар болса қолындағысын аямайтын жомарт. Бұғанасы қатпай басынан өткерген түрлі қиыншылықтардың әсері ме, әйтеуір қолынан келсе жылы сөзімен демеп, көмектесуге дайын тұрады. Мақсат Тілепберген осы күні Құрманғазы атындағы қазақтың академиялық ұлт аспаптар оркестрінде домбырашы...
Бір бөлме ішінде қатар дайындалу – студент домбырашылар үшін өте қиын. Кейде Талғат жатақхананың бос тұрған фойесін меншіктейді. Ол ұстазы міндеттеген шығарманы меңгеріп шығуға аса ынтазар көңілімен құлшына кірісетін. Күй әуезінің тұңғиығына бойлап, екі көзін жұмып, ашып, мына дүниені ұмытады. Ұзақ, өте ұзақ тартады. Дайындығын аяқтағансын да домбырасын тізесіне қойып, саусақтарын сытырлатып, бір нүктеге қадалып отырып қалатын.
Талғаттың шеберлігін жетілдірудегі ізденісі мол еді. Фойеде тұратын теледидардан анда-санда беріліп қалатын кейбір атақты домбырашылардың концертін құр тамашалап қоймайтын, зейінін түгелдей олардың саусақтарына, аспапта перне бойлата жеңіл қозғалту, жинақы ұстау, ұшымен басу тәртіптері дағдыларына, дыбысқа өзгеше реңктер беру тәсілдеріне (аппликатурасына), ішекті мәнерлі қағып, әуенді әрлендіріп әуездендіре білу машықтарына аударатын. Тыңдап болған соң, жүгіре басып бөлмесінен домбырасын алып шығып: «Терісқақпайдың» мына сағасында былай алу керек екен ғой», – дейді күйдің игере алмай жүрген тұсын әлденеше қайталай тартып. Шығарманың мазмұны мен пішінін өз өрнегінде қалыптап шыққанына қатты қуанатын. Талғатқа кейде күй тарт деп қолқа саламыз. Әдетінше еш бәлсінбейді. Қайта соған ол риза болатын. Ынта-ықыласымен тартатын, беріліп тартатын. Сонан соң күй тарихына не ескілікті орындаушыларға байланысты әңгімеге ауысамыз. Талғатқа осындай сұхбат құрған ұнайды. Тек күй, күйшілер туралы болса сағаттап отыруға бар. Мұндайда ашыла сөйлейтін. Домбырашы жақсы формада жүру үшін, қолға үнемі жаттықтыру жұмыстарын жасаған жөн, дейтін ол. Оң қолды сірестіріп ұстамау керек, күйдегі штрихтарды беруге бөгет болады, дейтін тағы да. Жай айтып қоймайды. Соны істейтін. Саусақтарын ашып-жұмады. Жұдырығын түйіп буынын айналдыра қозғайды, иіп, жазады. Бұнысы кейін қалыпты әдетке айналып кетті. Отырған жерінде де, көшеде келе жатып та осы жаттығуларын жүргізе беретін. Расында тұрақты машықтың арқасы болар, күй шерткенде оң қолын қоспасынан игенде тоқсан градустық тік төртбұрыштың пішінін жасайтын...
Бірде қыз-жігіттердің біреуі ұсыныс айтты «Қымызханаға» барайық деп. Бұл – шаһардағы келушілеріне тек ұлттық тағам-сусындар ұсынатын сол кездегі тамақтану әрі демалыс орыны еді. Бұрынғы ОК ғимаратына қарсы, оң жақ бетте, көп қабатты үйлердің астыңғы бөлігіне орналасқан. Әлгі сөзді бәріміз мақұл көріп, бір жарым сағаттық отырысқа тапсырыс бердік. Іші киіз үйдің иілген керегесі пішініндегі қуыстарға бөлініп тасталған. Әрқайсысында домбыра ілулі тұр. Біздер соның бірін иемдендік. Келесі қуысқа да дабырласып өзге қазақ жастары жайғасып жатты. Алдымызға бауырсақ салынған бірнеше тарелка қойылды. Сонсоң шараға құйылған қымыз келді. Ою бәдіздеген бірнеше ағаш тостаған, сабы өрнектелген ожау әкелінді. Сонан кейін ет келді алдымызға. Ішіп-жеп жатырмыз. Сәлден соң көрші қуыстағы әлгі бейтаныс жігітердің бірі күйді төкті дейсің. «Ал, Талғат қалыспа, сен де қамшы бас...», – дедік. Оның әдеті бар-тын, қасындағы домбыра шерткен адамның күйі аяқталғанша дегбірі кететін. Тыпыршып қолын уқалай беретін. Бұл жолы да сөйтті. Әзер отыр. Анау аяқтағаны сол еді, Талғат көсілте жөнелді. «Талғат, Талғат...» Тұс-тұстан шу-шу етеміз. Арқаланып кеткен. Арындап барып бітірді. Ана жігіт те тосылып қалмады, іле жаңа бір күйдің шетін шығарды. Нәшініне келтіре тартады екен. Бірде желдіртті, бірде дауылдатты, бірде күңірентті... Кезек Талғатқа келді. «Терісқақпайды» қақты. Орындалу машығы, шеберлігі, бөлекше тұрпаттағы шығарма еді. Қолы ауаны ерсілі-қарсылы тілгілейді. Екпіні әлемат. Әуезі, бітімі, қағыспен айшықталып ашылатын бұл күйді тіпті жандырып жіберді. Мұнан соң кезек әлгі бейтаныс жігітке келді. Одан Талғат. Одан жаңағы жігіт... Біраз күйдің басы қайрылды. Талғат үстемдік құра бастады. Ол домбыраны қолға алғанда дабыр-дұбыр сөздер кілт тыйылып, тыныштық орнайды. Бір кезде “Серперге” көшті. Ынтазарлықпен ықыластана орындайтын күйі. Секундалық интервалдық қозғалысқа құрылған әуен. Мойыған көңілге жігер, серпіліс беретін, рухты жанитын әуез... Желпінтіп жібереді. Маң далада ат үстінде желдіртіп келе жатқандайсың. Қиялың самғап, шартарапты кезеді. Осы қалыптан айрылығың келмейді... Иіріміне үйіре тартқан әуез әлденеден соң аяқталды. Сатыр-сұтыр шапалақ. Ана тұстан, мына тұстан дауыстар шығады. «Жарайсың жігіт!», «Бәрекелде!» Отырыстың да уақыты бітті осы мезетте. Орындарымыздан дабырласа шулай көтеріліп, сыртқа беттедік. Көзім түсіп кетті, Талғаттың еті жеусіз, тостағандағы қымызы шала ішілген күйде қалыпты. Бірақ өзі көңілді. Өңі риза кейіпте. Тамашалаған қауымның біразы есік жақтан күтіп алып, Талғаттың қолын қысып, алқап жатты... Күйдің рухы оны осылайша қанаттандыратын, рахатқа бөлейтін.
Көңілде сақталып қалған үзік-үзік елестер тізбектеліп өтіп жатыр...
1984 жыл. Маусым айының басы. Жексенбі еді. Ішім пысып отырғанмын. Талғат келіп: «Осы Алматыда менің жиен ағам тұрып жатыр, соған Мақсат, сен, мен, үшеуіміз барып келейік. Ол кісі Ғарифолланың әндерін жақсы көреді», – деді. «Жақсы», – дедім бірден келісіп. Құр қол барған ұят болар, үй иесі де қысылып қалмасын деп бір жарты алдық. Ондық-мұндық тіске басарымыз бар. Домбырамызды да ала кеттік. Ағасы елудің о жақ, бұ жағындағы кісі екен. Әлде маған солай көрінді. Таныстық. Жалғызбасты. Тұратын пәтері бір бөлмелі. Сонан отырыс басталды. Рюмкаға құйылған отты суды түгелдей емес, жартылай ғана ішемін. Жұтқанда қиналып, қатты тітіркенемін. Шамалыдан соң-ақ жағымсыз бұл белгілер жоғалды. Талғат пен Мақсатты білмеймін, өзім көңілдене бастадым. Отырыстың ажары – ән менен күй. Соған көштік. Күй кетті безілдеп. Алма-кезек беубеулетіп жатқан Мақсат пен Талғат. Сәлден соң Талғат: «Ал, Бөрібай, енді сен Ғарекеңнен...» – деді. Іркілмедім. Дауысым бұрынғысынан ашылып кеткен екен. Аянбадым. Аға дән риза. «Кішкентай Ғарифолла», – дейді күліп. Мына сөзі жанға жағып барады... Әкелгеніміз бұйым болмады. Үшеуіміз оңашаланып, қалта түбіндегі тиын-тебендерді қағып, дүкеннен тағы бір шиша әкелдік. Жаңағы отырысымыз әрі қарай жалғасты. Әбден бабымызға келдік. Енді бір-бірімізді мақтауға кірістік. Мақсат: «Сен талантсың ғой» – дейді маған. Қатты риза болдым. Талғат та: «Бөрекеңнің қағысы Ғарифолланы дәл қайталайды», – дейді одан қалыспай. Достарымның лебіздеріне көңілім босай бастады. «Менің талантымды Ғарифолла да амалсыз мойындап, класына қабылдаған», – деймін тілім күрмелсе де олардың жаңылыспай отырғанын айтқым келіп...
Көзімді ашсам өз бөлмемдемін. Алапат шөл қысып жатыр екен. Қозғалуға дәрмен жоқ. Талғат келді сол сәтте көңілімді сұрап. Суға жұмсадым...
Байыз таппадым. Жайсыз хабардың анық-қанығын білмек болдым. Бірақ нақты дерегім жоқ. Оқу бітіргелі де қанша су ақты. Қайдан, қалай іздеймін! Облысын білгенмен нақты қай ауылдан еді, бауырлары бар ма, жоқ па, бар болса олар кім дегендер? Сұрамаппыз. Руын да білмейді екенмін. Дегенмен ойланып-ойланып іздеудің жолын таптық. Курстас, жаһаттас дос Мақсат айтқан-ды ұмытпасам ол Сергеевкадан болар деп. Қазіргі Шал ақын ауданы. Интернетке еніп, аталған өңірдегі Аютас ауылдық округi әкiмi аппаратының телефонын анықтадық. Мүмкін осы мекеннен табылып қалар деген үмітпен сонда хабарластық. Тұтқаны жас жігіт алды. Жөнімізді айттық. «Атым – Азамат», – деді ол да өзін таныстырып. Мың болғыр бала екен өзі бір. Солай да солай дедім. «Үш-төрт сағаттан кейін хабарласыңыз», – деді. Уағдалы уақытта қайта хабарластық. «Аға, ондай кісіні бұл жақта ешкім білмейді сұрастырып едім, аудандық мәдениет бөліміндегілермен сөйлесіп көріңіз, өнер адамы болса солар жақсы біліп қалар бәлкім», – деп мекеменің телефонын берді. Айтқан жаққа іздеу салдық. Тағы телефон шалу. Тұтқаны жас қыз көтерді. Осылай да осылай. «Жақсы, аға. Түсіндім, іздесейін», – деді өтінішімді тыңдап тұрған Динара есімді қыз. Танымайтын адамына уақытым жоқ десе қайтер едім. Бірақ өйтпеді. Қайрымдылығына риза болдым. Жақсы тәрбие алғаны көрініп тұр... Екі күн өтті. Өзім де қарап жатпадым. Есіме Мақсатпен араласып тұратын Алматыдағы Берік есімді таныс жігіт түсті. Бұл да Солтүстік Қазақстан облысынан. Талғатты танитын. Соған хабарластым. Оқу бітірген соң онымен мүлде байланысы болмапты. Әйтсе де жоғымызды індететін дерек берді. «Серік деген менің ағам бар. Әйелі – Балғын. Сол жеңгеме Талғат құда. Олар Жаңажолда тұрады», – деді... Жаңағы Динара қызыма Жаңажол аулынан іздестіріп көр дедім енді Беріктің дерегі бойынша. ...Кешкілік телефон безектеп қоя берді. «Алло...» «Аға сүйінші! Курстас досыңыз табылды! Дін аман! Бескөлде жиен қарындасы Аягөздің қолында тұрады екен...» «Уһ!» Есім шыға қуандым. Талғат жайындағы мәліметті Жаңажолдағы Серік құдасы айтыпты. Петропавлов қаласында тұратын апаларының үй телефондары нөмірлерін де беріпті...
Талғатқа телефон соқтым. Ұзақ сөйлестік. Курстастарды ұмытпапты. Атап шықты. Жадымнан өше бастаған оқиғаларды есіме салды. «Студияны бітіргенімізге отыз жыл болыпты», – деді. Өз жайын да айтты, біраз жайтқа қанықтым.
1985 жылы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын тәмамдаған соң, Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясына жұмысқа орналасады. Дәулескер домбырашы елді аузына қарата бастайды. Жеке концерті жиі беріліп тұрады. Радиодан, телеарнадан. Қай кезде де сахнада – Талғат. Көрерменнің оған деген ықыласы алабөтен. Бірақ өнер аламанына көлденеңнен қосылған көк аттылар, алқаға түсіп, өрлей шапқан күлікті көре алмайды, бойларын қызғаныштың уы жеңіп, пасықтыққа барады. Бұған әрнәрсені сылтау етіп, ілінесе береді. Қыр соңынан қалмағансын қарсылық көрсетеді. Талантын өшіруге мықтап кіріскен иманнан ада қортықтар СССР дәуірінде қалыптасқан, қарсыласының сағын сындырып, өш алудың «классикалық әдісін» қолданып, оны еркінен тыс психиатрия ауруханасына қаматады. (Белгілі балалар жазушысы Машқар Гумеров СССР кезінде етек алған осындай қатыгез көрністі «Ерегес» атты хикаятына арқау еткен еді. – Б.К.) Мұнда төрт ай күшпен ұсталып, босап шыққан соң Талғат филармонияға қайтып оралады. Бұл аралықта әлгі қиянатшыл аяр тобыр жұмыстан қуылыпты. Хас жүйріктің бағы қайта жана бастайды. Бірақ ұзаққа бармайды. 90-жылдары елді жайлаған экономикадағы берекесіздік мәдениет, өнер салаларын да қамтығаны белгілі. Жалақының уақытында төленбеуі, жұмыс орындарының қысқаруы немесе біржолата жабылып қызметсіз қалу – қалыпты жағдайларға айналды. Бұл қиындықтарға Талғат та тап болады. Анда барады, мында барады... Әлі есімде, осы жылдары әлдеқандай газеттен оқыған едім, бір ағайын солтүстік өңірдегі өнерпаздардың кешіп жатқан тұрмыс-ахуалын баяндай келіп: «...талантты домбырашы Талғат Ысмағұлов жүкші болып жүр» деп жазыпты. Нақты мекен-жайын білмеген соң һәм о кезде ұялы телефонның, интернеттің жоқ кезі-тін, іздестірудің реті келмеді. Өзіміз де онша күйлі емес ек. Қазаққа небір зұлмат әкелген отаршыл СССР империясы құрдымға кетер сәтте де талай дарынның жолын осылай кесіп еді...
Шеккен қиянатын шет жағалатып айттық. Өз тарапынан да болған осалдық... Жә, жақсы. Бәрін жіпке тізгендей баяндау – қажетсіз болар.
Талғат еліне келгеннен кейін әншілік өнерге де бет бұрыпты. Күйлер мен әндер тарихына қатысты лекция-концерттер өткізіп жүріпті. «Тыңдап көрші», – деді телефоннан маған өтініп. «Он саусақты» орындады. Дауысы жағымды. Баритон екен. Бірақ студенттік шақта бұл қырын көрсетпеп еді. «Бір күні теледидардан Стамғазиев Рамазанның орындауында тыңдап, қатты ұнатып қалдым», – дейді ол. Сонан кейін «Ақтоқтының зарын» айтты. Мұң. Мұңнан әрі, зар. «Қорқамын шымылдықтың құруынан...» «Мұратхан орындаушы еді ғой», – деді. Бұдан соң: «Домбырамды туысқан ініме сыйлап едім...», – деді. Үнінен сырласы, жанының дәруі қара шанақтың қоңыр күмбірін сағынып жүргенін ұқтым. «Алла тілегімізді оңғарсын! Мақсат екеуіміз қалай болғанда да көп ұзатпай Бескөлге келеміз, жақсы домбыра ала барамыз сонда саған», – дедім. «Тосамын!» – деді баладай қуанып... Көңілі таза еді. Аңқаулығы да бар еді. Сол мінезі. Әлі өзгермепті. «Ұзаққа созба, хабарласып тұр», – деді әңгімені үзер сәтте өтініп.
Талғаттың кіндік қаны тамған жер – Есіл ауданына қарасты Алқа деген мекен екен. Домбыраға бала жастан құмарланады. Апалары Асылтас пен Сәуле де бауырына көп ықпал жасайды. Құрманғазының, Дәулеткерейдің күйтабақтарын сатып әпереді... Талғат мектеп бітірген соң Сергеевкадағы СПТУ-ға түседі. Сол уақытта аудандық Мәдениет үйінде үйірмелерге жетекшілік ететін Самат Ғабдулин деген өнерпаз ағасымен танысып, одан тәлім алады. Талғатқа аспаптағы қол қойылымының жөн-жобасын көрсетіп, білетін күйлерін үйретеді. Себебі ол СХИ-да оқыпты, сонда оқу орыны жанындағы оркестрге қатысқан екен.
Арғынның ұрығынан тараған перзенттің біреуі – Атығай атты ұл дейді. Бай болған, бағылан болған. Осы Атығайдан қазақтың мәдени-генофондына өлшеусіз үлес қосқан айтулы қасқа-жайсаңдар өрген. Құр сөз болмасын атап көрсетейік, даңқты ақын Шал Құлекеұлы, атақты Жәпек батыр, ойлы, сұлу жырдың хас дүлдүлі Мағжан Жұмабаев, шоң ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов, Мұрат Айтқожин... тізе берсек кете береді, қайсысын айтып тауысайық, аттамалап сондай бір қазіргі ұрпағына тоқталсақ, естелігіміздің кейіпкері, дәулескер домбырашы – Ысмағұлов Талғат Жұмабай баласы!
Талғаттың курстас досы, талантты домбырашы Мақсат Тілепберген отыз жыл бұрынғы кейбір сәттерді еске ала отырып: «Талғат оқуға түсуге келгенде біршама дайын домбырашы еді. Рақымның, Қаршығаның тағы басқа да мықтылардың күйтабақтарын үнемі тыңдайтын. Неге екенін білмедім, күйді Талғаттың нотамен игеруге құлқы онша бола қоймады. Үйренуге берілген шығармаларды домбыраға нота арқылы түсірген соң мен Талғатқа екі-үш қайтара тартып беремін. Оған осы жеткілікті. Қағып алады. Есту мүшесінің қабылдауы, еске сақтау қасиеті өте жоғары-тын. Шеберлігі қазіргі талантты деп дәріптеліп жүрген домбырашылармен деңгейлес еді...» – дейді.
Талғат ұстазы профессор Құбыш Мұхитовтан кәсіби орындаушылықтың қыр-сырын меңгерді. Репертуарын байытты. Шеберлігін жетілдірді.
Талғат күй иірімінің тұңғиық тереңіне бойлап, болмысын түсініп тартатын. М. Әубәкіровтың «Талас» күйін орындағанда қос ішектің үнінен арнасынан асып, күркірей тасыған өзеннің бірде жуаси қалып, одан қайта асау мінезге көше аққан дыбысы айқын аңдалып тұратын... Ал, «Көкілді» тартқанда жоқтау-зар төгілетін. Іштей қосылып, егіліп отырасың...
Солтүстік өңірдің бір өнерпаз қызы үлкен ұстаз Құбыш Мұхитовтан: «Ағай, ақиқатын айтыңызшы, біздің жақ орысты жер, елімізден шыққан бетке ұстайтын домбырашы бар ма осы?» – деп сұрапты жүздесіп қалғанында. Сонда қадірменді ақсақал: «Неге жоқ?! Ол жақта менің жүзден озған жүйріктерім, Теміржаным мен Талғатым бар ғой», – деген екен. Қадыров Теміржан есімді жігіт те керемет домбырашы болыпты. Өмірден ерте озған...
Сырғыған уақыт-ай! Дос әрі іні Талғат биыл елу беске толып отыр. Шал ақын бабасы да: «Елуде әр жұмысты жұмыстаймын, Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін», – депті ғой. Қаркесті дана қарттың айтқанына сенсек, өнердегі бір рухани жалғасы, ұрпағы Талғатқа әлі де мүмкіндік бар. Құдіреті күшті Ұлы Жаратушы сынақ ретінде әр пендесінің маңдайына түрлі-түрлі қиындықты, сүрінуді, жығылып, қайта тұруды, бойын тіктеп алып алға қадам жасауды жазған. Серпілсе деймін. Соған ұмтылыс танытатына бек сенемін. Өйткені мейрімі шексіз Алла Тағала адамға ақыл, қайрат, жүрек бітірді ғой жақсылыққа жетсін деп...
Бөрібай КӘРТЕН,
Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірті, қазақ тілі мен әдебиеті магистрі,
Ақтөбе қаласы.