Айтыстың аққуы атанған Айнұр Тұрсынбаева көпбалалы аналардың игілігіне қызмет жасамақ. Ол тағы бір бастамаға мұрындық болып, үлкен қайырымдылық қорын ашты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, nege.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін өзінің авторлық кітаптарын сатылымға қойып, ұтыс ойындарын өткізген айтыскер ақын былтыр бас жүлдеге зәулім үйін тіккен болатын. Құны 100 миллион теңгелік баспанаға 5 балалы отбасы ие болған. Артынша, ақын тағы да кезекті шара ұйымдастырып, 7 отбасына баспаналы болу мүмкіндігін сыйлаған еді.
Енді Айнұр ханым жуырда жарық көрген кітабын сату арқылы тағы да 8 отбасын баспанамен қамтамасыз етпек ниетте.
Айта кетейік, Тұрсынбаева жақында мемлекет тарапынан лотерея ойындарын өткізуге тыйым салынады деген жарлыққа қатысты пікір білдірді. Лотерея ойнатудың харам екенін айтып, өзінің халыққа пайдасы бар игі іспен айналысып жүргенін жеткізді. Сондай-ақ, ол биліктегі атқамінерлерге желі арқылы үндеу жасады.
«7-8 баласы бар аналар баспананы кезектен тыс алсын! Бәлен жылдан бері үйдің кезегінде тұрған және ол кезегі жылжымайтын аналарды аяңыздар! Ұтысқа қатысу – әркімнің өз еркіндігі. Ешкім-ешкімді қинап, ақшасын тартып алып жатқан жоқ»,- деген айтыскер, өзі ашқан қайырымдылық қоры арқылы баспанаға зәру жандарды пәтермен қамтамасыз етпек.