27.02.2020, 23:45

«Билеттер сатылса екен»: Қайрат Нұртастың анасы голографиялық концертке 114 миллион теңге жұмсаған

фото: qazaquni.kz
«3D-шоу концертті де бірінші болып Қазақстанға Қайрат алып келген. Одан кейін мұндай концерттерді Ернар Айдар, «Жігіттер» тобы, Димаш өткізді. Мен баламның осылай жол сілтеп жатқанына қуанамын», - дейді Гүлзира Үсенқызы.

Әнші Қайрат Нұртас бүгінде өнер саласына жаңашылдық енгізуден көш бастап тұр. Бұған дейін елімізде алғаш болып 3D кешін өткізген өнер иесі енді голографиялық эффектісі бар тұңғыш концерт бермек. Тыңдармандарын әрдайым таңғалдырудан шаршамайтын шоубизнес өкілінің су жаңа форматтағы ән кеші 8 наурыз күні болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, НТК арнасының «Опмай-опмай» бағдарламасына сілтеме жасап.

Әншінің анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова бұрын-соңды отандық шоубизнес тарихында болмаған жаңа форматтағы ән кешін ұйымдастыру қыруар қаржыны талап ететінін жасырмады.

«Өткенде екі қалаға голограмамен берілетін концертке қанша қаржы жұмсалатынын есептеп көргенбіз. Ол жерде әрбір кішкентай заттың өзі үлкен рөл атқарады. Ең алдымен, жарық пен дыбыс өте мықты болу керек. Барлығын бөліп-бөліп есептегенде екі қалаға 114 миллион теңгеге шығып кетті.

Бишілердің өзі болмағанда 6-7 миллионға билейді. Кеш режиссері 12 миллион теңге алады. Ғимаратты жалға алуы бар, билеті бар, көшедегі афишалары бар, үлкен Led-экрандар бар. Қайраттың және бишілердің киімдері де арзан тұрмайды», - деп ағынан жарылды әншінің продюсері.

Оның айтуынша, елордада концерт өтетін жерді ұзақ іздеп қалғандықтан, жарнамасы өте кеш жіберілген. Енді олар «аз ғана уақытта билеттер сатылып, жұмсалған қаржы ақталса екен» деп отыр. Бар сенім жанкүйерлерде.

«Мұндай концерттерді Мәскеудің кез келген әншісі өткізе алмайды. Бұндай шараларға әдетте бір ай бұрын билет сатыла бастайды. Біздің уақытымыз өте аз. Бірақ, Қайрат халықтың «любимчигі» болған соң, халыққа сеніп отырмыз», - дейді анасы.

Осы орайда, ол бұндай концерт тек Ресейде емес, бұрын-соңды Азиядада болмағанын айтып мақтанды. Оның сөзінше, Қайрат Нұртас Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Алматы Арена және Астана Аренаны көрерменге толтырған.

«Тек Қайраттан кейін ғана басқа әншілер осындай стадиондарға концерт бере бастады. 3D-шоу концертті де бірінші болып Қазақстанға Қайрат алып келген. Одан кейін мұндай концерттерді Ернар Айдар, «Жігіттер» тобы, Димаш өткізді. Мен баламның осылай жол сілтеп жатқанына қуанамын», - дейді өз ұлын «көшбасшы» санау әдетінен жаңылмаған Гүлзира Үсенқызы.