Желі белсендісі Ғалым Өтелбай facebook парақшасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орайластырып Алматы қаласында өткізілген кештен алған әсерін ерекше сезіммен өрбітті. Автор «Абайдан Аманат» деген тақырыппен жариялаған жазбасын жеті бөлікке жіктеп-жіліктеп, азат қазақ өнерінің тарихында бұрын-соңды болмаған көріністі оқырман назарына шебер ұсына білді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Керемет кештің куәсі жазған толғанысты әр жерінен үзіп-жұлмай, қаз-қалпында берсек, ол былай дейді:
«Биыл елімізде Абай жылы кеңінен аталып өтеді. Ұлы Тұлғаның меретойы Байтағымыздан басталып еді. Мәдениет министрлігі ұйымдастырған ол шараның орта деңгейде ғана өткенін мен жазған едім. Келесі кезекте еліміздің мәдени астанасы Алматыда өтетін шараны жұрт асыға күтті. Сол көппен бірге ол қойылымды мен де барып көрдім. Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған, идеологиясын Ержан Бабақұмаров мырза қадағалаған шараның сценарийін жазып, қойылымын жасаған белгілі сценарист-режиссер Ғалым Доскен екен.
Еліміздегі Абай атындағы ең үлкен даңғылдың бастауында, Абайдың ең үлкен еңселі ескерткішінің ту сыртында тұрған Республика сарайында Абай есімін ардақтаған, ұлы тұлғаның рухына бағышталған музыкалық-поэтикалық кеш керемет өтті! Кешті тамашалаған көрермен Абайдың ұлт руханияты, қазақ мәдениетіндегі орны туралы ойға оралып, Абай әлеміне сапарлады. Әрбір тынысынан Абайға деген құрмет пен сағыныш сезілген кештің ерекшелігі деп мыналарды айтар едім:
Біріншіден, кейбір кештердегідей мұнда сақал жапсырған, шапан киген псевдо Абай шығып, тарғыл дауыспен өтірік күңіренген жоқ. Яғни, әлдебір актер Абайды ойнамады. Кеш барысында 5 Абай, дәлірегінде Абайдың махаббаты мен ғадауатын 5 актер оқыды. Өте сәтті шыққан көрініс осы болды деп ойлаймын. Абайдың екіұдай сезімін, ішкі рухани ширығысын бейнелеген осы бір мизансценаны дамытып, үлкен қойылымға айналдырса да болады-ау деген ой түйдік.
Екіншіден, сахнадағы алып айналы проекторлар бір сәтте жұлдызға айналады. Жерде жұлдыз, көкте жұлдыз... Осы сәтте Абайдың қашық екенін, қол жетпейтін қашықтықта екенін аңғарғандай болдық... Герағаң Бельгер айтпақшы: «Абайға жете алмайтындығымызды» сезіндік... Әрбір музыкалық номерлерге, қойылымдарға арналып жасалған бейнеконттер сахнаның шырайын кіргізіп, кештің әсерлілігін арттырды.
Үшіншіден, жалпы, кеш Абайдың махаббаты мен ғадауатына құрылған. Осы сәтке хор декламациясы өте жақсы берілген деп есептейміз.
Төртіншіден, кештің кульминациясы – Абай рухының бейнесіндей бойжеткен шыққанда жүрек дір етті. Абайдың шырылдаған рухы сияқты... Қаншама қасіреттен кейін жарқ ете қалды. «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме...».
Бесіншіден, кеш барысындағы әндер басқаша орындалды. Ілгерідегі күркіреп, барқырап айтылатын сағыныштан, құштарлықтан жұрдай, тіпті, драмматургиясы тұтастай бұзылған, қуатсыз қалыпталып, әрсіз айтылып келген «Көзімнің қарасы» өзінің о бастағы мөп-мөлдір қалпында қайта шырқалды. Алдағы уақытта әншілер осы үлгіні ұстанса деп ойлаймын. «Ән түзелді, ей, әнші, сен де түзел!» дегім келеді. «Көзімнің қарасы» – дәстүрлі орындау мен аутетикалық жұртқа белгілі орындауда үйлесім тапты.
Алтыншыдан, кештің тағы бір жаңалығы – «Сегіз аяқ» дәстүрлі әншілердің орындауында симфониялық оркестрмен берілді.
Жетіншіден, Роза Рымбаева мен Азамат Сатыбалды кешті әсерлі, әдемі жүргізді. Ұлы ақынның сезім мен сағыныш, майдақоңыр мұң мен «тұман ішінен себезгілеген сәуледей» үміт өрген осы бір әдемі кеш алдында көрген көп арзаннан қалған көңілімізді бір көтерді.
Абай болмысын, Абай табиғатының әртүрлі қырларын танытқан бұл кешті бүкіл Қазақстанның облыс орталықтарында, тіпті, қазақ диаспоралары жиі қоныстанған Түркия, Франция, Иран, Ресей, Өзбекстан, Монғолия сияқты мемлекеттерде қойса да артық болмас еді деп ойлаймын. Осы кештің арнайы маршруттық картасын жасап, «Абайдан Аманат» атты экскурсиялық-географиялық деректі бейнефильм де түсіруге болатын еді.
Абайдың парасат жолын, Абай аманаттаған асыл қағидаларды көрермен көңіліне жеткізуге тырысқан кеш «Жер мәңгі! Ел мәңгі! Абай мәңгі!» деп аяқталды! Ылайым солай болғай!».