Коронавирустың таралуына байланысты оқушылардың сабағы уақытша тоқтатылды. Ал ата-аналар болса, балаларын үйде ұстап отыра алмай әлекке түсіп жатқанға ұқсайды. Мысалы көпбалалы ана, танымал әнші Қарақат Әбілдина балаларының үйде бір күн әрең шыдап отырғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төрт ұл мен бір қыздың анасы Қарақат ханым : "Бұл шіркіндерді бір ай бойы үйге қалай қамап ұстайды екенбіз? Бір күннің өзіне әрең шыдады. Сіздерде жағдай қалай болып жатыр?", - деп көпшілікке Instagram арқылы сауал қойды
Әншінің әлеуметтік желідегі парақшасындағы әр жазбаны қалт жібермей оқып отыратын оқырмандары болса, оның ойымен келісетіндерін жарыса жазуда.
Мәселен, желі белсенділері: "Сондай боп тұрмыз, ертең ел жоқ жерге апарып келуім керек пе деп қалдым", "Мұғалімдер мен тәрбиешілердің қадірі өтетін болды", "Құдай сақтасын, мүмкін емес үйде қамап ұстау, еліміз аман болсын, жаратқан жаманнан сақтасын!", "Алысып отырмыз", "Сол бүкіл елге үлкен сынақ келді-ау!?", "Біз де сыймай жатырмыз", "Амал жоқ! Алдап-сулап ұстап отырмыз", "Ауыл жақта короновирус жок па екен?", - деп пікір қалдырды.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирусқа байланысты Қазақстанда мектеп оқушылары мен студенттердің сабағы тоқтатылған болатын. Оған қоса, ірі ойын-сауық орталықтары, театрлар мен кинотеатрлар да өз жұмысын тоқтатты.