ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жақын араласатын досы, Испанияның атақты опера әншісі Пласидо Домингоның коронавирус жұқтырғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Достарым, біз қазір короновирус індетіне байланысты карантинде отырмыз. Еліміздің досы саналатын даңқты әнші Пласидо Домингоның да осы дертке ұшырағанын білесіздер. Екеуімізді жай ғана достық емес, 2017 жылы өткізген әлемдік опера өнеріндегі ең мәртебелі әрі беделді байқау саналатын бүкіләлемдік «Пласидо Доминго опералиясы» атты маңызды жоба да байланыстырып тұр.
Оның арқасында сол кезде елімізге «Опералияның» қазылар алқасының құрамына кірген ең ықпалды әрі беделді өнер қайраткерлері келді. Ал мэтр Пласидо Доминго зор сенім білдіріп, байқауға жұбайын, балалары мен немерелерін ертіп әкелді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, сол кезде бұл байқауды өткізуге бюджеттен шығын шықпаған. Байқауды өткізудің қаржылай қамтамасыз ету мәселесін «Опералияның» демеушісі – швейцариялық сағат компаниясы Rolex өзі көтерген...
«Өз атымнан және Пласидо Домингоның шығармашылығының барлық қазақстандық бас июшілері атынан оған зор денсаулық және тезірек сауығып кетуін тілеймін! Біздің достығымыз бен ынтымақтастығымыз сөзсіз жалғасын табады. Тезірек сауығып кетіңіз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.