Кейінгі кезде көптің көз алдынан жырақтап қалған белгілі композитор Марат Омаров коронавирус туралы ән шығарып, оның қайырмасы әлеуметтік желілерге тез тарап кеткен еді. Ел басына күн туған шақтағы сауатты сын, салмақты қарсылықтарға қарамастан, сол «хитын» өзі кез келген жерде орындап жүр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Күйсандықтың алдына жайғасып алып, «Коронавирус, кет, кет, кет! Коронавирус, нет, нет, нет!» деп айқайлағаны бергі жағы екен. Енді онысын «Coronavirus, no, no, no! Coronavirus, go, go, go!» деп бір топ қыздың ортасында секеңдеп билей жүріп орындаған. Карантиндегі көпшілік індеттің іргесінен төріне озбауын тілеп, жандарын шүберекке түйіп әрең отырғанда, композитордың «екі езуі – екі құлағында».
Ол видеоны Әлия Бекіш есімді желі қолданушы facebook желісіндегі «Қазақстан ауылдары» тобына «Марат Омаровқа ризамын!» деп жариялағаны сол-ақ екен, жұрт «жаңа хиттың» авторын түтіп жеді. Соның бірнешеуіне тоқталсақ...
Ақберген Абдраухов: «Марат сен қазақсың ба? Атаң қазақ аурудың атын атамаған, «жаман ауру» деп атаған. Атын атасаң, ауру қозады деп. Сенің мұның ақындық емес, надандық. Мына сорақы әніңді жоқ қыл! Сен композитор емессің, надансың».
Нұрлыбек Сүйіндіков: «Наконец-тодан кейінгі қуанып жатқан екінші адам осы ғой».
Auken Dusenov: «Марат, сізді қатты сыйлаушы едім. Әндеріңізді отбасымызбен бірге тыңдап, талай естен кетпес қызықты кештер өткіздік. Елге ақыл айтып, сабырлылық танытудың орнына, ешкі құсап бақылдап жүрсіз. Талай жылғы еңбегіңізді бір күнде шайдыңыз».
Танзира Бөкенбаева: «Не деген ақылсыз адам?! Түңіліп кеттік! Басының жеткен жері ме осы?!».
Бибігүл Байсынбаева: «Таза миын құрт жеген екен, жасы келгенде. Ашуым келіп отқаны. Алдымнан шықса. ұрып өлтірер едім. Ой, сұмдық-ай, әндетіп ойнайтын кез бе бұл, жаман аурумен?!».
Бұдан бөлек, «Қуып кетті», «5 жастағы баланың сөзі», «Мынау өлең шығардым деп мәз болып жүр», «Жасына келіңкіремей тұр, ерсі» деген сынды пікірлер мен қазір «айтуға аузымыз ұялып отырған» ғайбаттар да баршылық.
Таяуда Марат Омаровтың өзі бұл әннің толық нұсқасын КТК арнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасында орындады. Ритмі той әндерінің деңгейінде болғандықтан, бағдарлама жүргізушісі Дина Төлепберген де сол «хитты» жазған сазгерше секеңдеп, ыржалаң-ыржалаң еткен сонда. Ал осы кезде «қарқыны қатты» дерттен әлемнің 180-нен астам елі зардап шегіп, Қазақтан да күн сайын бір сырқатты тіркеп отырған болатын.