Белгілі әнші Роза Әлқожа от жағып, көмір тасыған күндерін есіне алды. Сондай-ақ, әуелде сахнаға қалай шыққанын, кімнің көмектескенін желідегі парақшасына жазып, жастық шағына саяхаттады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Әлия Құдайбергенованың сұхбаты. "Жұлдыздар отбасына" шығарып, шамалы өлең жазатынымды жария қылып еді.
Фото: Роза Әлқожаның Instagram парақшасынан
Ұяң, биязы қызды ақырында өзі "өткірлеп" алды ғой, солай бұл қыз! "Еліктің лағындай болған жане-ем" деп жүріп талай рет ес жиғызып, еңсе көтеруіме көмектесті. Өзі менің нағашым болғандықтан да құрбы-дос ғана емес, тамыры тереңге кеткен туыстық арамызды үзген емес, тәубе! Көп балалы болу оңай емес. Үйсіз-күйсіз, кір жуатын машинасы жоқ, от жағып, көмір таситын келіншектің сахнаға шығуы да үлкен уайым еді ғой. "Қандай көйлек кием, қайтіп шығам?" деп басын ауыртамын сосын. Қарапайым туфли таңдауға да бақандай журналисті ертіп алам сонда.
Қазір бәрі болмағандай, көрмегендей, кешегінің бәрі ертегі. Мынаны кеше жіберіпті. "Есіңде ме?" дейді. Әрине есімде! Үш балам бар кезі екен. Төртіншісіне аяғым ауыр. Жиырма жетідемін. Он бір жыл өтіпті! Ол кезде журналдың мұқабасына шығу деген үлкен бақыт қой! Сол бақытқа бөлеген осы Әлияш. Жарылқап ағасына айтып жүріп, маған фотографты өзі тауып беріп жарқыратты ғой!
Соншама жанашырлығын көрген соң бірауыз жазып жатқаным. Біз кейде алғыс айтуды да ұмытып жатамыз. Адам жақсы сөзге сараң болмауы керек. Жан жадыратар жақсы жандар аман болсын! Бір бақытты болуға лайық адам осы Әлия. Алла сол тілегімізді қабыл етсін!", - деп жазды әнші.
Жақсы сөз айтуда сараңдық танытпайтын әнші сырт-келбетіне де қатты мән береді. Мәселен ол, арықтағысы келсе де, қазір карантин болғандықтан асханадан айналсоқтап шыға алмай жүргенін жасырмады.
"Қазір қатты толып кеттім. Әсіресе, соңғы жарты жылда. Ел күйзелістен арықтаса, менде керісінше. Алланың берген бір сынағынан өттік қой, шүкір. Енді Алла қаласа бәрі жақсы болады! Арықтағым келгенімен, мына карантин де ас үйден шықпауымызға зор себебін тигізіп жатыр. Адам осылай-осылай есейе береді екен, ә?! Кешегі күннің бәрі тамаша. Жас кездегі суреттің бәрі әдемі сияқты ма?!", - деп оқырмандарына сұрақ қойды.