04.04.2020, 15:25

«Тынған ауылда бір топасқа сөйлетіп қояды»: Уәлибек Әбдірайымов киноны екі тілде түсіретіндерге наразы

Фото: syr-media.kz
Сонда не, қазақтың балалары ақымақ па, саған!? Неменеге ақылды етіп шығармайсың?

Тіл мен ұлтты мазақ қылатын туындылар да бар. Дәл осы үрдіске белгілі "Шаншар" театрының директоры әрі актері Уәлибек Әбдірайымовтың ашуы қара қазандай. Мәселен ол, "Ел аузында" бағдарламасына берген сұхбатында "Біз неге сонша кіріптармыз?" деп фильмдерін жартылай қазақша, жартылай орысша түсіретін Нұрлан Қоянбаевтың әрекетіне шүйлікті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қағытпа қалжыңы мен шымшыма әзілі аузынан түспейтін Уәлибек қазақ көрерменіне арналған фильмдерді орыс тілін араластырып түсіретіндерге наразы. Оның айтуынша, киноларда қазақ тіліндегі сөздерді ауылдағы бір адамға не болмаса кемшір-шалға сөйлетіп қоя салады-мыс.

 "Жарайды, бір рет орысша түсіріп ақша тап мейлі, екі рет тап. Енді таптың ғой, миллионнан аса ақша. Енді неғып ұлтыңа қызмет істемейсің? Неғып қазақша түсірмейсің? Ал бізде қазір кинода қазақша сөйлейді, кім сөйлейді? Тынған ауылда бір топасқа сөйлетіп қояды, болмаса, бір кемпір-шалға сөйлетіп қояды. Сен барасың, сөйлейсің. Ал мықты, ақылды сөздердің бәрін сен орысша айтасың. Сонда не, қазақтың балалары ақымақ па, саған!? Неменеге ақылды етіп шығармайсың? Не өзбектен кемсің бе? Әшейін де өзбектерді сынаймыз. Өзбектер ешқашан орысша араластырып кино түсірмейді. Соның өзімен олар өздерінің ұлтын тәрбиелеп тұр. Қырғызың да сол. Біз неғып кіріптармыз? Біз неғып өз тілімізді қазір таптап тұрмыз?", - деп ашынды актер.

 Өзі кино түсіргісі келсе де, "Қысқа жіп күрмеуге келмейді" деп қаржының тапшылығына байланысты фильм түсіру жұмыстарын тоқтатып қойған Уәлибектің бұл уәжіне Нұрлан Қоянбаев қарап қалмады.

Қазіргі кезге дейін комедия жанрындағы бірнеше фильмдерін түсіріп үлгерген Нұрлан Қоянбаев болса, "Я казахские фильмы не хожу" деген кісілерге арнап киноларын екі тілде, жартылай қазақша, жартылай орысша түсіретінін айтып ақталуға тырысты.