Ел сахнасы мен экранында әзіл айтып жүрген Уәлибек Әбдірайымов пен Нұрлан Қоянбаев «сөзге келіп қалды», деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, НТК арнасының «Revue news» бағдарламасына сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, таяуда «Шаншар» әзіл-оспақ театры директорының қазір өзінше кино түсіріп жүрген Қоянбаевты фильмдерінде қазақ тілін «екінші сортты» етіп жүргені үшін сынағанын жазған болатынбыз. Енді Нұрлан Қоянбаев сол сынға қарымта ретінде Әбдірайымовқа «әуелі өз театрыңды дұрыстап ал» деген емеурін танытты.
«Кейбір ағаларымыз сынайды. Аға бола тұрып, жас балаларды қалай сынауға болады? Інілері еңбек етіп жатыр ғой. Жаман нәрсе жасап жатқан жоқ. Әзіл ұрлап, өңдеп шығарып жатқан жоқ. Өзінің әзілдерін көрсетуде. Бұл орын алған дауды өзі түсіндірсін. Бастаған өзі, өзі аяқтасын. Сол ғаламторда шу шығармай, маған өзі хабарласып айтса болатын еді.
Мен жылына бір кино түсіремін. Ары кетсе, екі кино. Менен басқа, елде өзге тілде 50-60 шақты кино түсіруде. Халықтың ақшасына қаншама орыстілді кино түсірілді. Мені не қыласыздар? Аздаған жеке қаражатқа кино түсіріп жатқан адамбыз. Соған қарамастан, рекорд жаңартып жатырмыз. Және ол кісі де өз театрын дұрыстап алсын, патриот болса. Ескі декорациямен концерт жасап, халықтан ақша жинай бермей», - дейді Нұрлан Қоянбаев.