Карантиндегі көрерменнің көңілін көтеру үшін отандық киногерлер жаңа картиналарын желіге жаппай жүктеп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, НТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тіпті, Нұртас Адамбай фильмімнің ғаламтордағы тұсаукесерін коронавируспен күресте жан салмай жұмыс істеп жатқан адамдарға арнаймын дейді. Ал тегін ұсынылған ленталар арасынан қаралымы жағынан рекорд орнатқан кім?
Көптің қошаметіне ие болған дәл осы «Әкім» картинасын кезінде 60 млн теңгеге таспалаған Нұртас Адамбай еді. Алайда, режиссер туындысының тұсаукесерінен соң оны стримингтік сервистерге сатудың орнына халыққа тегін ұсынуды жөн көріпті. Нәтижесінде, киногердің комедиясын бір аптаның ішінде 5,5 млн адам тамашалаған.
«Қазақстанда, өкінішке қарай, халық саны аз, елімізде фильмдерді монетизациялау мүмкін емес. Сондықтан реалист ретінде, картина кинотеатрда көресетіліп болған соң, оны көпшілікке ұсынамыз. Мәселен, түрлі себеппен картинаны тамашалай алмаған адамдар көрсін дегендей», - дейді Нұртас Адамбай.
Карантин кезінде халықтың көңілін көтеру үшін желіге жүктелген фильмдер арасында «Каникулы оффлайн – 2» лентасы да бар. Ақан Сатаевтың басшылығымен таспаланған фильм 2 млн-ға жуық қаралым жинады.
Қазақ киносының миллиардері атанған Нұрлан Қоянбаев та қиын сәттерде көрерменнің қаражаты арқылы қалтасын қалыңдатуды құп көрмепті. Сондықтан ол «My love is Aisulu» фильмі жуырда ғана жарық көргеніне қарамастан, желіге жүктеуді жөн санаған. Продюсер өзіме «Бизнес по-казахски» арқылы тапқан табысым да жетеді деп отыр.
«Киноиндустрияда әзірге жеңімпаз деп айтуға болады. Енді көп әріптестеріміз бір-бірінен сұрайды ғой, «Бірінші орында қай кино?» деп. Сонда «Бизнес по-казахский» дейді. Оның өзі маған жеңіс», - дейді Нұрлан Қоянбаев.
Айта кетсек, пандемия кезінде көременге тегін кинотуынды ұсынғандар Қазақстан ғана емес, шетелде де жетерлік. Мысалы, «Netfilx» «Amazon», «Apple» сынды стримингтік сервистер карантинде фильмдерін тамашалауды қолжетімді еткен.