$ 445.66  474.58  4.78

«Жанарға арнап шығардым»: Сиви Махмуди күйзеліс туралы әннің бейнебаянын жарыққа шығарды

«Халыққа демеу болады деген оймен туындыны «Біз біргеміз» деп қойдық. Әннің сөзі де елдегі соңғы жағдайларға байланысты күйзелісте жүрген жандарға өте керемет үйлесе кетті», – дейді әнші.
фото: time.kz
фото: time.kz

Елдегі карантин Сивидің шығармашылығына еш кедергісін келтірмесе керек. Өнер иесі күні кеше Жанар Хамитованың құрметіне арналған тың бейнебаянның тұсауын кесті. Әдетте ырғақты әрі көңілді әнге клип таспалайтын Махмуди, бұл жолы күйзелістегі жандардың тағдырын суреттеп, қалың жұртшылықтың жүрегін тебірентіп қойды, деп хабарлайды Shownews.kz.

«Негізі әнді Жанарға арнап шығардым. Себебі, Жанар өмірден озғаннан кейін көптеген адамдар Instagram-да, өзіме тікелей қоңырау шалып, қолдау көрсетіңізші, не істесек болады, біз де күйзелісте жүрміз деп жазды. Сосын Жанарға және басқа жандарға қолдау болсын, күш-жігер берсін деген оймен осы ән жарық көрді», – дейді Сиви.

«Біз біргеміз» бейнебаянының желісі де көрген жанға ауыр. Сиви Махмуди Жанар Хамитованың жан-жарасын өзге кейіпкерлер арқылы көрсетуге талпынған сыңайлы.

Шығармашылық ұжым жарынан айрылған жесір келіншектің жан күйзелісі мен спорттық мансабымен қош айтысып, мүгедек арбасына таңылған жас жігіттің тауқыметін, балаларының қарауынсыз қалған қарияның тағдырын шебер суреттеп, төрт минутқа сыйдырған.

Үш жанның күйзелістен шығып, бақытты сәтін баяндайтын бұл туындының түсірілімі анығында елде төтенше жағдай орын алмас бұрын аяқталған. Алайда, келеңсіз кезеңде клипті жарыққа шығаруға әншінің дәті бармапты, әрі шығармашылық топ тың бейнебаянның атауын таппай, біраз бас қатырған көрінеді.

«Халыққа демеу болады деген оймен туындыны «Біз біргеміз» деп қойдық. Әннің сөзі де елдегі соңғы жағдайларға байланысты күйзелісте жүрген жандарға өте керемет үйлесе кетті», – дейді әнші.

Ал бүгінде Сиви отбасымен Шымкент қаласында. Ұл-қызымен трендтен қалмай тик-ток түсіріп, карантинді көңілді өткізіп жүрген жайы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары