Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына карантин еш кедергісін келтірмеген секілді. Адал жанкүйерін әркез қуантуға асық өнер иесі, күні кеше тың бейнебаянын жарыққа шығарды, деп хабарлайды Shownews.kz.
Ағылшын тіліндегі «Шексіз өлшемдер арқылы» әні анығында итальяндық режиссер Пьерджузеппе Заяның жаратушылар жайлы фантастикалық фильмінің басты саундтрегі. Айта кетейік, былтыр Димаш пен шетелдік киногер шығармашылық байланыс орнатқан еді. Дәл осы жұмыстың жемісі ретінде аталмыш бейнебаян өмірге келген. Ал, әлем таныған қазақ баласының үлкен үлесі бар блокбастер, карантиннен соң көрерменге жол тартпақ.
«Мен Димаштың қазіргі істеп жатқан тірлігіне, тіпті «Еңбек ерін» беретін едім. Расында да оның еңбегі – бүкіл Қазақстанды насихаттап, әлемге танытып жатыр. Ондай балалардан қалай айналмайсың?!», – дейді Нұрлан Абдуллин.
Естеріңізде болса, Құдайберген наурызда әлемнің түкпір - түкпіріндегі тыңдарманымен жолығуды жоспарлаған. Алайда аты жаман індеттің кесірінен межеленген жарты мемлекетке жете алмай, жеке кешін тоқтатуға мәжбүр болды. Десе де, Димаш жанкүйерін қуанту үшін алдына жан салмай жүр. Таяуда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді қолдау мақсатында «We are one» туындысын тарту еткен еді.
«Мың жылда бір туатын адам» деген теңеуді Димашқа айтсақ болады. Мақтану керекпіз. Концерт барысында қасында тұрамыз ғой. Ауыр, опералық отыз әнді жанды дауыста айтып шыққанда, шыны керек, мен таң қалдым», – дейді Димаштың бет әрлеушісі.
Иә, бүгінде қандай елде кеш бермесін қара домбыраны қасынан тастамайтын Құдайбергенді, өнердегі кейбір әріптестері сынап жатса, аға-әпкелері мақтан тұтады. Мәселен Шахизада, Димаштың әрбір жаңалығын қалт жібермейтінін айтады.
«Димаш қандай жағдай болған күнде де, кім не айтып жатса да, көп қой ұзынқұлақ. Көре алмайтындар толып жатады. Бой бермейді. Қазір күнде «Аллам, Димашты тіл-көзден сақтаса екен» деп сұрап отырамын. Өзім қатты жақсы көремін», – дейді Шахизада.
«Басқа ұлттар орындарынан тұрып қазақша ән айтқан кезде, білмеймін одан басқа қандай керемет керек екенін. Димаш өзінің жолында дұрыс келе жатыр деп айта аламын. Біз қасында әрдайым қолдауға дайынбыз», – деді визажист Санди Бексырға.