11 мамырда Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, індет бəсеңсімей тұрған кей өңірлерде сақтық іс-шаралары жүргізіле беретінін айтқан еді. Осыған байланысты Министрлік онлайндағы жұмысын жаңа форматта жалғастырады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгіннен бастап ел тұрғындарына күн сайын 5 мəдени-спорттық іс-шара онлайнда қолжетімді болады.
"Таңғы сағат 08:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хэштегімен танымал спортшы, бапкерлердің қатысуымен таңғы жаттығу өтеді. Елге есімі таныс атлеттер жалпы халыққа салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттап, осы бағытта елеулі үлес қосып келеді.
«Ертегілер əлемінде» атты бағдарлама сағат 12:00 мен 20:30-да Мәдениет және спорт министрлігінің You Tube арнасы мен bizbirgemiz_culture инстаграм парақшасынан эфирге шығады. Еліміздің үздік театр актерлары балалармен қиял-ғажайып əлеміне саяхаттайды.
Сағат 14:00-де #óneronline #оnlinedabol хэштегімен мəдениет, өнер тақырыбында онлайн-дəрістер өтеді. Бұл шеберлік-дәрісін Мәдениет және спорт министрлігінің You Tube арнасынан тамашалай аласыздар.
Ал сағат 18:00-де Қазақстанның маңдай алды балет ұжымдары озық қойылымдарын Мәдениет және спорт министрлігінің You Tube арнасы мен bizbirgemiz_culture инстаграм парақшасында тарту етеді.
20:00-де Танымал əншілеріміздің Мəдениет жəне спорт министрлігінің алтын қорындағы концерті мен опера майталмандарының өнеріне Мәдениет және спорт министрлігінің You Tube арнасы мен bizbirgemiz_culture инстаграм парақшасынан куə бола аласыздар!", - делінген министрліктің facebook парақшасында.
Айта кетейік, карантин кезінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болған Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасы аяқталды.