Естеріңізге салсақ, ол видеода кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әншілер жайында өз пікірін білдірген. Ал бұл видео негізі ақтөбелік Наурызбек деген жігіттің @elim_kazak парақшасынан кеңінен таралып кеткен. Алайда, «Шегірткеге арналған рэп» видеосының авторы @chooolike парақшасының админі екен, деп жазады «Айқын» газеті.
«Мәселен, шегірткені жасағанда, идея «Астарлы ақиқат» бағдарламасын көргеннен кейін келді. Оның үстіне, халық та бұл мәселені көп талқылап кетті. Біз рэпке сөз жазбаймыз, ол жердегі дауыс – видеодағы кейіпкерлердің өз дауысы. Біз тек сол видеодан жасауға болатын ұйқас іздейміз. Егер табылса, жасап шығамыз», – деді ол.
@chooolike парақшасының админі өзінің аты-жөнін атаудан бас тартты. Бірақ, онда екі адам жұмыс істейді екен.
«Өзіміз музыканың айналасында жұмыс істейтін жандар болған соң, монтаждау қолымыздан келеді. Карантинде бос жатпай, қабілетімізді пайлаланып көрмекші болдық. Бұл жай ғана хобби. Карантин біткен соң, мұнымен айналысу, не айналыспау белгісіз», - дейді ол.
Оның айтуынша, бұл парақша біреудің сойылын соғып, сынап-мінеу үшін ашылмаған. Бар мақсат – әртүрлі видеодан кесіп, қызықты музыкалық форматтағы видео жасау. Мысалы, ол теледидардан көрсеткен сұхбаттардан немесе ел арасында кеңінен танылған видеодан жасалады.