КВН жұлдызы, әзілкеш, актер Жахан Отарғалиев өмірі мен өнері жайлы айтты. Өміріңдегі күйзеліс пен тоқырау кезеңдерін, шырқау шыңға жеткен уақыттарды еске алды. Кино әлемінде бағын сынап жүрген актер бүгінде қаламақысының да құны артқанын айтып қалды.
Бұл туралы НТК арнасының "Ревю онлайн" бағдарламасында айтылды.
Жахан соңғы рет көрермен есінде "My love is Aisulu" киносындағы рөлімен қалды. Алдағы маусым айында көрермен назарына ұсынылатын жаңа кинодан тағы да бой көрсетпек.
Жахан Отарғалиев қазір сүрбойдақтар қатарында. Жайдарман жұлдызы 2009 жылы сахнамен қоштасып, ауылға қайтқанын айтады. Оған әкесінің өтініші себеп болған.
"2009 жылы үйлендім. Әке-шешем той жасап берді. Ол кезде сахнада КВН ойнап жүрген едім. Артық ақша тапқан емеспін. Әке-шешеме де ақша бермедім. Сосын әкем маған ауылға қайт деді. Келін екеуің ауылда тұрыңдар деді. Әкемнің бір ауыз сөзін ескеріп, ауылға келдім. Мал бақтым. Екі жыл ауылда тұрдым. Сосын қайта сахнаға оралдым. Тұрсынбек өтінішімді жерге тастамай, сахнаға қайта шығарды. Бірақ мен екі жыл артта қалып қалған екенмін. Сахнаға дайын болмадым. Қатты қобалжыдым. Солай 4 жылымды өткізіп алдым", - деді актер.
Жахан бірінші әйелімен ажырасып кеткен. 2015 жылы Ақтөбе қаласына қайта оралып асабалық кәсібін қолға алады. Аптасына 3 той басқарып, ақша жинай бастайды. Осы кезде киноға түсуге ұсыныс алады. Ол кезде Тәуекелдің досының рөлі бұйырған екен. Алайда қыздардың арманына айналған актер өзін жақтырмаса керек.
"Тәуекелдің маған қалай амандасқанын көрсеңіз. Жақтырмағаны, менсінбегені көрініп тұрды. Оны әлі күнге дейін өзіне айтып жүрем. Менімен бірге ойнайтынын көрген соң сценарийдің қайта қарап алу керек деген әңгімелер айтты", - деді Жахан.
Актер өзі түскен 4 кинодан да көп қаламақы сұрамағанын айтады. Ал, экранға енді шығатын бесінші киносынан айтарлықтай қаражат алғанын жасырмады.
"Менің ол кезде ақшаға мұқтаждығым болған жоқ. Сондықтан қандай қаламақы ұсынса, соған келістім", - деді ол.
Әзілкеш сұхбат барысында актриса Дина Тасболатоваға көңіл білдіргенін айтты. Алайда актриса оның ұсынысын қабыл алмаған екен. Осылайша кездесу болмай жатып, баянсыз махаббат сөніп қалған. Әзілкеш өзінің бұрын ажырасқанын бетіне басқан қыздардың болғанын айтып қалды. Өзінің Инстаграм арқылы кино әлеміне келгенін мойындайды.
Дереккөз: Stan.kz