Қазақстан эстрадасындағы танымал жас әнші Айқын Төлепберген жуырда Алматыдағы "Республика" сарайында өзінің жеке концертін берген болатын. Концерттің басты ерекшелігі сол, онда Айқын өз әндерін тек жанды дауыспен ғана шырқады. Ал, осынау мәдени шараны көрермендерге трансляциялаған "Қазақстан" ұлттық арнасы концерттің ең қызық сәттерін "қырқып" тастаған.
Бұл туралы Айқынның өзі Instagram-парақшасында жазды. Оның айтуынша, еліміздегі басты телеарналарының бірі концерт трансляциясына атүсті қараған.
“Алматыдағы концертті түсірген Қазақстан @kaztrk_kz арнасынан көңілім қалды. Концерттің ең қызықты жерлерінен кесіп тастаған. Ортасындағы көрермендермен жасаған жұмыс, қайталап айтылған (на бис) ән, үнді әні, импровизация. Басқа да ерекшеліктер. Концерттік номерлердің түйіні ашылмаған. Сол залда отырған көрермен болса мені түсінер”, – деп жазады Айқын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кету керек, Қазақстан эстрадасындағы әншілердің жанды дауыста концерт беруі өте сирек орын алатын "құбылыс". Әдетте әншілердің жеке концерттері болсын немесе басқа да мәдени шараларда отандық өнерпаздар фонограммамен ғана ән шырқайды. Содан да болар, танымал сатирик, "Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдрайымов сұхбаттарының бірінде біздің әншілердің бәрі қылмыскер деп айыптаған болатын. Олар ән ұрлауымен қоймай, тыңдармандарын фонограммамен ән айтып алдайды дейді сатирик.
Ал, Айқынның кешегі жанды дауыспен салған әндері көпшілік тыңдарманның көңілінен шықты.
Естеріңізге салайық, былтыр Фэйсбук әлеуметтік желісін қолданушылардың бірі "Қазақстан" ұлттық арнасының атауын "Үндістан" деп өзгертуді ұсынған болатын. Блогердің айтуынша, телеарна ұлттық-танымдық дүниелерден гөрі үнді телесериалдарына жиі басымдық береді.