Қазақтың тойы бітпесін деген көптің тілеуі соңғы үш айда көкке жетпей тұрған сияқты. Мамыр айынан бері монша, мейрамхана, спа және спорт нысандарының жұмысы жанданды, сол-ақ екен тойшыл қауымның көңілінде үміт оты маздады. Бұл карантинде қаржыдан қағылған тойхана иелеріне де, сөз ұстаған асабалар қауымы, әнші-биші, даяшы, қысқасы той бизнесін төңіректегендердің бәріне қатысты.
Алайда санитарлық дәрігерлер тойды, той тұрмақ той туралы ойды қоя тұрыңдар деумен келеді. Обалы нешік, бірнеше өңірде асабалар мен кәсіпкерлер митингке шықты осы аптада. Олар нені талап етуде? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Бұл Ақтаудағы той бизнес өкілдерінің талабы. Әкімдікке шерулетіп барған жұртты ішкі саясат басқармасы қарсы алып, келесі аптаға дейін бір жауабын береміз деп шығарып салды.
Ақтөбедегі тойшыларда да тақылеттес проблема. Аренда, несие төлеу керек, уақыт қысып барады. Жұмыс тоқтап тұр, ақша жоқ.
Ал бұл Түркістан. Той бизнесі кең қанат жайған өлке. Мұндағы ағайынның да талабы біреу ғана.
"Ал, енді жаңағы от жағушысы болсын, самаурын қайнатушысы болсын, ішін тазалаушы болсын, барлығы тойханамен күн көріп отыр", - деді өнерпаздар қауымдастығының төрағасы Абдуғаппар Айдаров.
"Осы 30 адам жұмыс жасайды. Солардың бәрі жұмыссыз қалған. Солардың бәрі жеке басым да бар", - деді кәсіпкер Жанат Қошқарбаев.
"1 маусымнан бастап қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмыстарына рұқсат бердік. 50 адамға дейін қызмет көрсете алады. Көрсеткен уақытта да санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып қана 50 адамға дейін сағат 10-нан бастап 22 00 ге дейін қызмет көрсете алады", - деді облыстық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақытораз Елемесов.
Бұл деген сөз кәсібіңді қайта бейімде, тойханаң бар ма, дәмханаға болмаса қоғамдық тамақтану орнына айналдыр дегенге саяды.
"Айналдыруға мүмкіндік болады. Бұрын тойхана болған соң, отыратындар кафеге барады. Тойханаға той істейтіндер ғана үйренген ғой енді. Қашан үйретемін дегенше біздің кредит шыдатпайды ғой оған.Халықты үйрету қиын тойхананы кафе қылып жасауға", - деді кәсіпкер Жанат Қошқарбаев.
Бұл астаналықтардың базынасы. Елорданың той бизнес өкілдері де қып-қызыл шығынға баттық дейді.
«Міне мен 3 ай жатырмын үйде. Квартира 100 мың төлеймін. Продукты, жүріп-тұруым бар. 42500 қайда жетеді?», - деді мейрамхана әкімшісі.
Несиелерін үш айға шегерген тойхана иелері жазда да карантин бітпесе қайтеміз деп, әкімдік өкілдеріне жақ аштырмауда.
Тойханалар ғана емес, евент агенттіктердің маңдайлары тасқа соғылып, таулары шағылудың аз ақ алдында тұр екен.
«Бір тойды өткізудің өзі 600-800 мыңға дейін барып қалатын. Жұмасына 2-3 рет тойға шығатын едік. Айлық бойынша қарайтын болсақ, млн екі млн үш жүзге дейін бізге шығын келтірілді», - деді кәсіпкер Мадина Баймендина.
Мәдина Баймендина 60 шақты аниматорлық костюмдерінің 40 тайын сатуға мәжбүр болдық дейді. Әрқайсының құны 80-90 мыңнан еді, қазір 5 мың теңгеге кетіп жатыр екен. Дағдарыс алқымнан алған соң тіпті кәсіпті де ауыстыруға тура келіпті.
«Біз басқа бизнеспен де айналыса бастадық. Ол дезинфекция деуге болады. Пандемия кезінде, карантин кезінде дизенфекция жұмыс істеп тұрды. Дезинфекциядан қатты көп түсті деп айта алмаймыз. Себебі карантин кезінде барлық, біраз, мейрамхана болсын, басқа мекеме болсын барлығы жабық жатты. Бірақ енді аз да болсын түсті», - деді кәсіпкер.
Астанадағы мейрамханалардың бірі 3 айда 20-25 банкеттен айырылған. Ол аз десеңіз маусым, шілде тамыз айларына жасап қойған алдын ала төлемдерін алып кетіп жатыр. Бұл қазірдің өзінде шамамен 30дай банкент. Рестораторлардың айтуларынша бас қаладағы мейрамханалар мен тойханалардың 50 пайызы банкроттық шегінде тұр. Бұл дегенің тағы да жұмыссыздар армиясының саны өседі деген сөз.
«Біздің қызметкерлердің дені аз қамтылған отбасылар қатарынан. Барлығы пәтер жалдап тұрады. Бес алтыдан бала шағасы бар. Көбіне аспаз, ыдыс аяқ, еден жуушы, қызмет көрсету сияқты жұмыстарды істейтін. Біз бірнеше жыл бойы олармен бірге жасап келдік. Бауыр басып та қалдық. Шамамыз келгенше материалдық қолдау жасап тұрамыз, бірақ алдағы уақытта тапсырыс болмаса оларды қамтамасыз ете алмаймыз», - деді мейрамхана жетекшісі Лаура Ахмадова.
Қазір бұл ғаламтор желісінде жалпы той томалақтың қажет я қажет еместігі қызу талқыға түсіп жатыр. Оралбек Бей Өтеғұлов есімді желі қолданушысы мынадай ойымен бөлісті.
«Тойханаларды мүлде жауып тастау керек. Ол жерде даяшы болып жұмыс жасайтын қазақтың өрімдей жас қыз-жігіттері. Кем дегенде 5-6 сағат жұмыс істетіп, 1500-2000 теңгемен ғана қатырады. Кейде ыдыс сындырып алса, ол да жоқ. Бұл адам еңбегін таза қанау ғой. Кейбіреулері тіпті 18-ге де толмаған. Ең болмағанда сағатына 1000 теңгеден төлеуі керек! Тойхана иелері де, әртістер мен асабалар да қарапайым халықтың есебінен өмір сүріп отырған таза паразиттер. Өттерің жарылып кетсе де айтайын: барып тұрған нағыз паразитсіңдер!", - деді Оралбек бей Өтеғұлов.
Жазба авторы 5 айға тойға мораторий жариялау керек деген пікірде. Алайда той индустриясын тек әнші мен әртісттің табыс көзі деп қарастырмау керек дейді, ел ағалары.
Қазақта той халықтың қазынасы деген сөз бар. Ендеше халықты өзінің қазынасынан айыруға болмайды. Той біріншіден жастарға, жас жұбайларға тілек айту үшін, ақ бата беру үшін жасалады. Қырықтың бірі қыдыр деп, той қонақтарының ішінде жолынан үлгі өнеге алатын адамдар келіп жатады. Тойдың этикасы бар, эстетикасы бар. Соны сақтаумен өткізілсе, бұл қазақтың өте бір мағыналы ғибратты дәстүрінің көрінісі", - деді ақын, қоғам қайраткері Ұлықбек Есдәулет.
Бір нәрсе анық. Елді ешкім тойдан айырмайды. Тек эпидемия бәсеңдегенше шыдамақ керек. Өкінішке қарай індет қазір қайта күш алып отыр. Күзде тағы қайталанады деп күтілуде. Оған коронвируспен қабаттаса келген дағдарысты қосыңыз.