24.06.2020, 06:04

«Қиын сәттерде де бір ауыз ауыр сөз айтпаған еді»: Асхат Садырбай бұрынғы әйелі Ерке Есмаханның әкесі туралы естелігімен бөлісті

фото: stan.kz
Тележүргізуші өз естелігінде бұрынғы қайын атасының жақсы қасиеттерін тізіп жазған.

Белгілі тележүргізуші Асхат Садырбай өзінің инстаграмм парақшасында бұрынғы қайын атасы (Ерке Есмаханның әкесі) туралы жан тебірерлік жазба жариялады деп, хабарлайды stan.kz ақпарат порталы. 

«Былтыр күзде ғана ата отбасы мен немерелерімен астанаға келіп, бәріміз Бурабайға барып, сосын кешке түрік мейрамханасында дастархан жайып, күтіп, бір шүйіркелесіп отырып едік. Алматыда тұратын кезімде атаның сүйікті апорттарын Көк базардан іздеп тауып, пойыздан сәлемдеме салып тұратынмын. Ата да келген кезде әйтеуір бір сыйлықпен келетін. Өмір болған соң бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Басымыздан тағдырдың қиын сынағын өткізіп жатқан сәттерде де ол кісі маған бір ауыз ауыр сөз айтпаған еді. Ойланып отырсам ол да екінің бірінде кездесе бермейтін үлкен адамдық қасиет екен ғой. Жалпы ата көп сөйлемейтін, байыппен бақылап, тыңдап отырып, сосын нақты айтатын. Газет оқитын, ноутбугын тастамай жүріп көп жазу жазатын. Тіл жанашыры еді. Еңбек жолының көп жылын қазақ тілінің дамуына, өркендеуіне жұмсады, оқу-ағарту ісіне үлкен үлес қосты. Ырғыздағы музыкалық мектептің ашылуына мұрындық болған. Өзі тіл маманы болса да спорттық ойындардың ережелерін жақсы білген. Өзі ұстаз болған жылдары балаларға ерінбей сол ережелердің бәрін үйретіпті. Ауылда болса да жазда валейбол, қыста хоккей ойнатқан», - деп еске алыпты  Асхат Садырбай. 

Сонымен қатар, атасын жер қойнына тапсырып келгенін айтып, иман-салауат тілеген. «АЛЛА әлемге тыныштық, адамдарға сабыр бергей !! Бақұл болыңыз», - деп жазбасын аяқтаған. 

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын танымал әнші Ерке Есмаханның әкесі қайтыс болғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, әкесі пневмониядан көз жұмған.