Бұған дейін «вирус жоқ, пандемия деген өтірік, жұртты дүрліктіріп босқа карантин жариялап жүрсіңдер!» деп билікті сынап келген айтыскер ақын Балғынбек Имашев ақыры қателескенін түсінген сыңайлы. Ол енді мемлекеттің қатаң карантин енгізуін толықтай қолдайтынын, маңайдың бәрі суық хабарға толып кеткенін мойындады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айтуынша, басында саясат деп ойлаған. Енді сонысына өкінеді. Ақын бұл өкінішін өзінің іnstagram парақшасында өлеңмен жеткізген.
«Басында вирус бар деп ескермедім,
Зиянын естісем де тексермедім.
Ер «кеткен соң» қабірдің қуысына,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Өзім де маска кимей төске өрледім,
«Барлығы саясат» деп дес бермедім.
Күнделікті естимін суық хабар,
Режим сақтап отырсам өстер ме едім?
Жаназадан көз ашпай, Мемлекетті,
Карантинге жапқанын теріс көрмедім» , - деп өкінішін Абайша білдіріпті.
Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын Балғынбек коронавирусқа қатысты сенімсіздік білдіріп қана қоймай міндетті екпеге де қарсы шыққан болатын. «Еркімнен тыс екпе салатын болсаңдар елден кетем!» деп ешкім күтпеген мәлімдеме жасаған болатын.
«Біздің Парламенттің сыйқы осы енді. Бір депутат қарсы, екеуі қалыс, қалғаны үнемі қолдайды!
Енді құрамы белгісіз, сапасы белгісіз, шетелден келетін екпелердің жартысы ерікті, жартысы мәжбүрлі түрде міндетті болады!
Әншейін ғана гриптің бір түріне ковид19 деп айдар тағып, әлемді дүрліктіріп Пандемия жариялаудың мақсаты да осы болатын.
* Әлемді үрейлендіру!
* Әлемді кедейлендіру!
* Әлемді басқару!
* Әлемді вакцинациялау!
* Әлемді құл қылу!
Жоқ, маскалы мырзалар!!!
* Біз сіздерден емес, құдайдан қорқамыз!
* Бізге Ризықты Алла береді!
Менің балаларым - менің байлығым, екпені маған ешкім мәжбүрлей алмайды!
Егер алдағы уақытта менің Конституциялық құқығым тапталатын болса, мен Ата Заңына қарсы, халқының талабы мен тілегіне қарсы заңдар шығаратын Парламенті бар елдің Азаматтығынан бас тартамын!», - деп жазған сол жолы.