Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Маржан Арапбаева осы уақытқа дейін ешкімнің көлік сыйлап, бейнебаян түсіруге демеуші болмағанын айтты. Оған өзінің сыртқы келбеті мен ер адамға ұқсайтын мінезі себеп болды деп санайды. Әнші Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында карантин кезіндегі әртістердің табысы мен 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған әріптестері жайлы ойын айтты.
Маржан Арапбаеваға осы уақытқа дейін ешқандай мемлекеттік қызметке ұсыныс түспеген. Өзі де саяси оқиғаларға қатысуға ұмтылмапты. Әнін айтып жүрген нағыз шығармашылық адамы.
"Осы жолды бастаған кезде аға-көкенің көзіне көрініп қалайыншы деп ойламадым. Ер мінездімін. Талай жыл Көктөбеде, Алмаарасанда жұмыс істедім, ән айттым. Сол арқылы халықаралық байқауларға бардым, жол ақымды солай таптым. Осы уақытқа дейін ешкім маған көлік сыйлап немесе бейнебаян түсіруге демеуші болған емес. Осыны достарыма үнемі күліп айтып отырамын. Мүмкін сұлу болмаған шығармын, аяғы ұзын модель болмағанымнан да болар", - дейді Арапбаева.
Әртістер ақшаны емес, сахнаны сағынды
Әнші барлық әріптесі секілді карантин уақытында шығармашылығының тоқтап тұрғанын айтты.
"Әдетте мақсат қойып, қандай да сәулеге жету үшін бір үміт болатын болса, карантин кезінде ненің қашан аяқталатынын, ертең не болатынын білмей қалдық. Жалпылама айтқанда, тоқтап қалдым. Екі ән жаздырдым. "Чемпионсың сен" әнінің орнына "мына заман қалай болды?", "енді не болады?" деген ән жаздырсам болатын еді, бірақ көңілді жүргенді жақсы көремін", - дейді ол.
Айтуынша, әнші көктемде карантин басталмай тұрып жеке концертіне қызу дайындалып, сақадай сай отырған. Енді ол елдегі жағдай жақсарып, концерттер өткізуге рұқсат берілген кезде тыңдармандарын бір жерге жинайтынын айтты.
"Наурызда режиссермен келісіп, ол кісіні шетелден арнайы шақыртып, репертуардың барлығын нақтылап, концерт өткізетін залды таңдап, дайындыққа кіріскен кезде карантин басталды. Сәуірде өтеді деп жоспарланған концерт тоқтады. Енді, әрине, карантин аяқталған соң жеке концертімді өткіземін. Бірақ ол үшін барлығы 100% аяқталуы керек, ешқандай шектеу қойылмай, көпшілік жерге баруға рұқсат берілгеннен кейін ғана осы іске қайта кірісемін", - дейді әнші.
Арапбаева карантин кезінде әріптестерінің өмірін әлеуметтік желі арқылы бақылап отырғанын, алайда әншілер болып кездесіп, жиналыс жасап, пікір алмаспағандарын жеткізді.
"Әркім өз өмірін сүріп жатыр. Бәрінің өмірін әлеуметтік желі арқылы көріп отырамыз. Өнер адамына сахна керек. Той, концерт тоқтап қалды. Меніңше, өнер адамдарының, әртістердің ақшадан гөрі сахнаға деген сағынышы басым болып отыр. Біз осы уақытқа дейін тек көрерменнің көңілінен шығу үшін жұмыс істеп келдік. Оның барлығы тоқтап қалғаннан кейін, қаржы жағынан гөрі моральды тұрғыдан әншілердің еңсесі түсіп отыр", - дейді ол.
Айтуынша, өнер адамдарының арасында той-томалақ, айлыққа қарап отыратын жас әншілер де бар. Тіпті кредит алып, соңғы ақшасына бейнебаян түсіргені де жетерлік.
"Тойдың табысынан күн көріп жүргендер қиналып қалды, ал белсенді жұмыс істеген әртістердің қалай болғанда да жиған-терген қаражаты бар деп ойлаймын", - дейді Арапбаева.
Әншіге 42 500 теңге көмек керек пе?
"Әншілерге неге 42 500 теңге көмек алмасқа?! Неге бәрі әншілерді шіріген бай деп ойлайды? Олардың арасында бизнес ашамын деп кредиттен көз аша алмай жүргендер де бар. Шыны керек, жеке шығармашылық концерт берген кезде де табыс таппаймыз, керісінше қарызға кіріп кетеміз. Пайданы тек тойдан көреміз", - дейді әнші.
Сұхбат барысында әнші әріптестерінің басты қателігін атады. Айтуынша, әншілердің әлеуметтік желідегі өмірі көп адамның ашуына тиеді. Алайда бұл да осы саланың бір бөлігі.
"Әртістер адамдардың өмірін гүлдендіретін кісілер. Адамдар қатыгез болып барады. Әнші өлең айтпайтын болса, құрылысшы үй салмасын. Бұл жерде соны түсіну керек, әркімнің өз жұмысы бар. Әншілердің бір қателігі – барлығын әлеуметтік желіде жариялап отыруы. Бір жерде демалып жүргені, әдемі киім кигені көп адамның ашуына тиюі мүмкін. Бірақ ол да әртістің жұмысының бір бөлігі. Бүкіл әлемде солай жұмыс істейді. Шынын айтсақ, бәрі – "показуха", - дейді ол.
Соған қарамастан өнерге, шығармашылыққа келетін адамдар саны азаймайтынына сенімді. Айтуынша, бойында өнері бар адам оны көрсеткісі келеді. Ал оған карантин де кедергі бола алмайды.
Шоу-бизнесте мықтылар ғана қалады
Сұхбат барысында әнші өнер жолында жақын достарының жоқ екенін айтты. Оған қандай да бір оқиғаның себеп болғанын да жасырмады, алайда әріптесін қаралап, әрекетін әшкерелеуге бармайтынын жеткізді.
"Қандай да бір уақытқа дейін өнер жолында жақын достарым бар деп ойлайтынмын. Алайда өмірде болатын кей келеңсіз жағдайға байланысты бұл ойымнан айныдым. Арада бәсекелестік болады, ол да ара-тұра іс-әрекетінен көрініп қалады. Алайда бұған ешкім кінәлі емес, себебі бұл – шоу-бизнес, бұл жерде мықтылар ғана тіршілігін жалғастырады. Мұны жай ғана әдеттегі бәсекелестік деп қабылдаймын", - дейді ол.
Айтуынша, Арапбаеваның достарының көп бөлігі өнерге қатысы жоқ адамдар. Ал әншілердің арасында Мәдина Сәдуақасова, Әлішер Кәрімов, Тамара Асармен өте жақын қарым-қатынаста. Соған қарамастан, әнші достарының да, әріптестерінің де әнін тыңдамайды. Тіпті кейде өзі түскен бағдарламаларды жарты жыл өткен соң ғана қарайды.
"Ешкімнің әнін тыңдамаймын. Өзім дос көретін Әлішерді де, Мәдинаның да әндерін тыңдамаймын. Тіпті өз әнімді тыңдай алмаймын. Біреу менің әнімді қосып жатса, бірден "өшірші" деп айтамын. Өзімді теледидардан көре алмаймын, үнемі мін іздеп тұрамын", - дейді ол.
Арамызда "халтурщиктер" де бар
"Әншілерді сынап, дөрекі сөз айтуды қате тірлік деп санаймын. Себебі біз адал еңбек етіп, адал нан тауып жүрміз. Ресейдің әншілері секілді күреп ақша тауып жатқан жоқпыз, салыстырмалы түрде алатынымыз тиын ғана. Бір ән, бір киім – бәрі ақша. Жақсы қалыпты сақтауға қаншама еңбек кетеді. Бірақ арамызда "халтурщиктер" де бар. Оны да жасырмаймын. Ондай адамдар әр салада бар. Сол себепті барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды", - дейді әнші.
Сондай-ақ, әншілерді тойдан пайдан тауып жүр деп айтудан жалықпайтындарға жауап берді.
"Тойдан тауып жатыр", "халықтың арқасында көтеріліп жатыр" деп жатады. Иә, рас, халық қолдамаса, қайдан өсеміз?! Бәрінің айтатыны той. Тойға шықпасын десе, онда мемлекет бізге қандай да бір айлық төлесін. Концерттеріңді беріңдер, мынау сендердің жалақыларың деп отырсын", - дейді Арапбаева.
Ал осындай өзгеріс енгізіліп жатса, жанды дауыста ән салатын әншілер мен репертуарын, образын жаңартып отыратын әртістер бірінші қатарда тұруы керек деп санайды.