Қазақстандық әнші-композитор Марат Омаров АҚШ-та өтетін қайырымдылық шарасына шақырту алды. Шара пандемия аяқталған соң Америка президенті Дональд Трамптың ұйымдастыруымен өтеді. Қазақстандық композиторды бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясы шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл – әннің құдіреті. Менің "Коронавирус, кет-кет-кет" деген әнім хит болып кетті. Бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесі болғандықтан, өткен жылы желтоқсанда Нью-Йорк, Лас-Вегаста концерт бердік. Наурызда Майамиде концерт беретін болдық, бірақ коронавирусқа байланысты АҚШ президенті шараны кейінге қалдырды" – дейді композитор.
Айтуынша, композиторлар ассоциациясы бұл қайырымдылық шараның міндетті түрде өтетінін айтқан.
"Дональд Трамп пандемия біткен соң қайырымдылық шарасын ұйымдастырғалы отыр. Маған бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясынан 2-3 күн бұрын хабарласты. Сол концертке қатысатындар тізіміне мені қосыпты. Дәл қазір қашан баратынымыз белгісіз", - дейді Марат Омаров.
Композитордың айтуынша, іс-шара коронавирус тақырыбына арналады.
Айта кетейік, композитор қазір "Аман бол, халқым-ай" деп аталатын жаңа ән дайындап жатыр. Бұл ән де коронавируспен күресіп жатқан қазақстандықтарға арналады.
Ал Омаровтың "Коронавирус, кет-кет-кет" әні індет басталған кезде әлеуметтік желілерде кең таралып кеткен болатын.