Әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов елдегі эпидемилогиялық жағдайға қарамастан жоспарларын жүзеге асырып жүр. Бұл жайлы өнер адамы Sputniknews.kz-ке берген сұхбаты барысында айтты.
Шығармашылықпен бизнесті қатар алып жүрген әншінің айтуынша, қазір ол сауда жобасын қолға алуға. Мәселен, Болманов мырза: "Үш адам серіктес болып, жылыжай, өнімді сақтайтын қойма, цех ашқалы жатырмыз" деп айтып қалды.
Сондай-ақ ол осы уақытқа дейін өзі қолжеткізген жетістіктерін тізіп шықты. Жобаларын қалай жүзеге асырғанын тілге тиек етіп, кез келген бағытта ешкім бастамаған істі бірінші бастау қиын болатынын айтты.
"Қарақаттың мектеп студияларын ашып, нарыққа шығарып, франшизаға шығарып беріп отырған да мен. Қазір Қазақстан бойынша 10 қалада "Қарақат мектеп студиясы" бар. Олар филиал емес, франшизаға ашылды. Бізде, Қазақстанда франшиза деген жоқ, білім саласында тіпті болған емес. Біз шетелдің кофесін Қазақстанға алып келіп, сауда жасағанға құмармыз.
Ал Қазақстан өзі бір дүние шығарып, оны шетелге шығармақ түгілі, өзіне өзі франшиза сата алмайды. Ал білім саласында тарихта бірінші рет осыны біз жасадық. Оған менің 10 жыл уақытым кетті, мектеп-студия да бірден сатылып кете қойған жоқ, 7 жыл дегенде сатыла бастады. Ешкім жол салмаған жерден бірінші болып бастау әрқашан да қиын.
Қазақ өнеркәсібі тарихына үңіліп қарасақ, ойыншық өндірген ешкім жоқ. Соны бірінші болып қолға алған да мен. Ойым ойыншық жасау мәселесін көтеру ғана емес, елдің есіне салып, осыны әрі қарай алып кете алатын адамдарға ой салу. Өйткені ұрпағына қарамаған ел ешқашан өсе алмайды. Сонымен қатар ұлттық аспаптарды, ұлттық музыканы насихаттап, екі миллионнан астам дискі сатқан да біз. Қазір домбырамен ән салып, альбомын жасап, бірден сатылымға шығару мүмкін емес. Ол домбыра дискісін шетел түгілі, қазақтың өзі сатып алмайды.
Ұлттық мұраны әлемді аралап насихаттап, концерт беріп жүрген ешкім жоқ. Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтар – коммерцияға жатпайды. Ал соны коммерцияға айналдырып, екінші жағынан идеологияны насихаттап жүргенімізге біршама уақыт болды. Жұрт киім-кешек саудасында жүріп, оны сата алмай жатады. Ал мен идеологиядан коммерция жасап, пайда тауып отырмын", - деді Қыдырәлі Болманов.