Отандық шоу-бизнес өкілдері карантин режимі жеңілдегеннен кейін бірден өз жұмысына кірісіп кетті. Алты ай бойы табыссыз қалған өнер иелері бүгінде тойларға шығып, өнер көрсетуде. Олар думанды шараларды қатты сағынып қалса керек деп жазады nur.kz.
Елімізде карантин режимі жеңілдеген бойда жарты жыл бойы тойшыл қауыммен қауышпаған әншілер дүбірлі шараларда ақырындап бой көрсете бастады.
Бірі тапсырыспен тойларға шығып жүрсе, енді бірі жақындарының қуанышында өнер көрсетуде. Отандық шоу-бизнестан алғашқылардың бірі болып "Меломен" тобының мүшесі Қайрат Мырзаханов пен "Жігіттер" квартетінің әншісі Айдар Тұрғамбек думанды жиындарға бара бастады.
Қос әртіс те өз топтарынан бөлек өнер көрсетіп, жиі қыз ұзатып жүргенін байқауға болады. Оған олардың жеке парақшаларында жарияланған видеолар дәлел болмақ.
Айдар Тұрғамбек соңғы уақытта өткізген қыз ұзатуларында жақында ғана шыққан су жаңа "Айша" атты әнін орындап жүр.
Айта кетейік, бұған дейін Төреғали Төреәлінің қарындасын ұзатып, Алматыда дүбірлі той жасаған болатын. "Ұлы дала баласы" отбасылық қуанышында қарындасы үшін ән салып берген. Оған қоса, аталмыш шарада оның сахналас бауырлары Нұрболат Абдуллин мен Әбдіжаппар Әлқожа да кеш қонақтары үшін өнер көрсетті.
Сонымен қатар, туысының тойында өнер көрсеткендер арасында Мақпал Жүнісова да бар. Ол туған сіңлісінің қызын өзі қолдан ұзатқан болатын. Әнші "Дос-Мұқасан" солисі Ақжол Мейірбековпен құда болды.