$ 494.87  520.65  4.91

«Фонограмманы қосып қойса да, оны ешкім байқамайды» - әншілердің жаңа заңға қатысты пікірлері

Сонымен қатар халық әртісі әнші алдын ала жанды дауыста айтамын деп хабарласа, ол сөзінде тұруы қажет деп санайды.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Парламент мәжілісінің отырысында депутаттар мәдениет саласына қатысты заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді. Құжатта фонограмманы пайдалану мәселесі ескерілген. Заң қабылданатын болса, әншілер қауымы концерт жарнамасын жасаған кезде фонограмма қосылатынын алдын ала ескертуі қажет. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да фонограммаға біртіндеп тыйым салуды қолдайтынын айтты. Sputnik Қазақстан тілшісі әншілердің осы тақырып төңірегіндегі пікірін білді.

Әншілер қауымы да бұл жаңалықты жақсы қабылдады. Бірі енді кімнің еңбек ететіні көрінеді десе, екіншісі талапқа сай жағдай жасалуы қажет екенін алға тартты. Әнші Мақпал Жүнісова жас әншілерді жанды дауыста ән салу мектебінен өткізу қажет деп санаса, Майра Ілиясова қаражат бөліп, ел бойынша музыкалық техниканы жақсартуды ұсынды. Ал Мирас Бекжанов әншінің дауысы концерт алдында нашарлап қалуы мүмкін екенін ескеру қажет деп санайды.

Жастарды дайындау керек

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова жанды дауыста ән салу туралы талаппен толықтай келісетінін, бұл өзгерістің аға буын үшін қорқынышты емес екенін жеткізді. 

"Фонограммасыз орындауға қатысты заң шығыпты, мен мұнымен толықтай келісемін. Біз фонограммасыз ән айтып үйрендік, ол мектептен өттік. "Гүлдер" ансамблінде тоғыз жыл жұмыс істедім. Ол кезде минус деген болған жоқ, оркестр, ансамбль болды. Сонымен бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Күніне тіпті 5 концерт қойылды. Сондықтан бізге бұл өзгеріс қорқынышты емес. Заңды шағарғандары дұрыс, бұған көзқарасым түзу, бірақ жастарға обал. Заңды шығарардан бұрын барлық жағдайды жасау керек", - дейді Жүнісова.

Айтуынша, жағдай жасап, жастарды жанды дауыста ән салуға дайындау қажет. Күнделікті барып дайындалу үшін оркестр, ансамбль болса, сонда ғана бәрі қалыптасады. Сондай-ақ, әнші Алматы қаласы бойынша екі дыбыс қоюшы маманның бар екенін айтып, осы жағын да қолға алуға шақырды.

"Дыбыс үлкен залға толық естіліп тұруы үшін, оркестрді де бір ретке келтіру үшін мәдениет министрлігі дыбыс қоюшыларды да оқытуы қажет", - дейді ол.

Әнші ауырып қалса, не болады?

Мақпал Жүнісова концерт алдында әнші ауырып қалса, ән кешінің өту-өтпеуі туралы да айтты.

"Әнші концерттің қалай өтетінін алдын ала қалай хабарлайды? Әртіс сол күні ауырып тұратын болса, билеттер сатылып кетсе, не істейді? Ондай жағдайда концерт өтпей қала ма? Сол жағын да ойлау керек. Қандай шығын болатынын да есептеу қажет. Ал жанды дауыста ән салатын әртіс ол жайлы жасырмай айтады. Әлеуметтік желісіне салса да, хабарлайды", - дейді ол.

Айтуынша, тыңдарман қауым әншіні жақсы көріп тұрса, оның әнді қалай салғанына қарамастан концертіне барады.

"Әншіні жақсы көретін халық фонограмма немесе жанды дауыс екеніне қарамайды. Жақсы көретін адам әнші ән салмай-ақ, құр сахнада тұратын болса да келеді. Алдын ала хабарлау қажет болса, айтамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ", - дейді халық әртісі.

Талап бәріне ортақ па?

"Бізге Ресейден әншілер келеді, бәрі фонограммамен айтады. Мұны дыбыс қоюшылардан сұрап аламыз. Арасында бірінші шумақ пен қайырмасын жанды дауыста салып, әрі қарай дайын музыканы қосып қоятындар да бар. Оларға қандай заң шығарыпты? Осы жағына да қатаң түрде бақылау керек. Шетелден әншілер келетін болса, сахнаға бас-аяғына дейін тексеріп барып шығарған жөн", - дейді Жүнісова.

Сондай-ақ, халық әртісі жанды дауыста ән салу үшін қомақты қаражат қажет дейді. Себебі, оркестрдің сүйемелдеуімен ән салу соны талап етеді.

"Жанды дауыста ән салатын болған соң концерттің алдындағы дайындық кезінде оркестрдің, ансамбльдің, музыканттардың ақшасын өз қалтамнан төлеймін. Жастар оны қалай төлейді? Егер бұл заңды қабылдайтын болса, күнделікті дайындық үшін музыканттарды жалдасын. Оны үкімет төлесін. Мысалы, Құрманғазы оркестрімен ән айттым, бір күн бірге жұмыс істегенге 6 мың доллар төледім", - деп бағаны да жасырмады әнші.

Сонымен қатар халық әртісі әнші алдын ала жанды дауыста айтамын деп хабарласа, ол сөзінде тұруы қажет деп санайды. Егер орындамаса, айыппұл салынғанын қолдайды.

"Егер айтқанын орындасама, әрине, айыппұл салу керек. Бұл шетелдің тәжірибесінде бар. Қытайға гастрольдік сапарға барғанымда жанды дауыста айттым. Ол жақта бақылау жүргізеді. Дыбыс қоюшының жанында адам тұрады. Егер фонограммамен айтар болсаң, айыппұл салады. Бізге де солай жасау керек", - дейді Жүнісова.

Құр сөз болып қалады

Ал әнші Мирас Бекжанов бұл бастама сөз жүзінде ғана орындалады деп санайды. Себебі, елімізде кімнің қалай ән салып жатқанын бақылап отыратын мекеме жоқ.

"Бұл құр сөз болып қалайын деп тұр. Мейлі, әнші жанды дауыста айтамын деп хабарласын, бірақ оны зерттеп-бақылап отыратын органдар бар ма? Фонограмманы қосып қойса да, оны ешкім байқамайды. Концертте бақылап отыратын адамдар бар ма? Сондықтан бұл жақын арада келетін нәрсе емес", - дейді Бекжанов.

Айтуынша, дүркіреп өтетін концертті ұйымдастырушылар ең алдымен әншілерден фонограмма сұрайды. Өйткені, жанды дауыста ән салуға техникалық мүмкіндік жоқ.

"Жанды дауыста айтқанға не жетсін, ол үшін қомақты қаражат керек. Егер заңды қабылдайтын болса, бақылаушы органдарды құру керек. Біз (Мирас пен Құралай – Sputnik) маман әншіміз, оркестрмен бірге ән салып жүрміз. Алайда үлкен концерт алдында дауысың шықпай тұрса, концерт өтпей қалғаннан фонограммамен ән салып шыққан жақсы ғой. Себебі, мыңдаған адамның алдына шығып, "мен ауырып қалдым, ән айтпай-ақ қояйын" дегенді халық қалай қабылдайтыны да белгісіз", - дейді ол.

Ал осындай жағдай бола қалса, әнші көпшіліктің алдына шығып, жағдайын түсіндіріп, кешірім сұрағаны дұрыс деп санайды.

"Халықты алдауға болмайды, міндетті түрде бір шара қолдану керек. Оны шешетін біз емес, арнайы орган керек. Бұл заңды бекітіп, бәрін іске асыру керек. Бұл заң бізге керек", - дейді ол.

Әншілерге қамқорлық жасалуы қажет

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова фонограмманы қолдану тоқтайтынына сенеді. Бұл бастаманы дер кезінде қабылданған шешім деп санайды. Әншілер арасындағы алдыңғы буын өкілі жас орындаушылардың бұл талапқа бірден үйренісе алмайды деген пікірін де жасырмады.

"Мәдениет министрлігінің бастамасы, жанды дауыста ән салу бойынша әншілерге қойылып жатқан талаптар – дер кезінде жасалып жатқан дүние. Өйткені бұл ерте ме, кеш пе қолға алынуы керек еді. Осыдан біраз жыл бұрын "Арай", "Досмұқасан" ансамбльдері жанды дауыспен ән шырқап, дүрілдеп тұрған кезде тұмау ауры сияқты фонограммамен айту үрдісі еніп кетті. Сол нәрсе бүгінге дейін жетіп, үзілмей тұр", - дейді Ілиясова.

Уақыт өте бұл мәселе қолға алынып, ән кештерінің бәрі жанды дауыста өтеді. Сол кезде "бір кездері фонограмма болған" деп отыратын уақыт та келеді. Алайда жастар бірден жанды дауыста ән салып кетеді деп айта алмаймын, дейді ол.

"Ең алдымен министрлік ән айтатын музыкалық техниканы жөндеуі керек. Кейбір ауылдық жерде фонограмманың өзімен дауысы шықпайтын аппаратура тұрады. Аудандық, облыстық клубтар да осындай мүшкіл хәлде отыр. Егер жақсы техника алынса, оның құлағында ойнайтын мамандар да керек", - деп толықтырды Ілиясова.

Айтуынша, жаппай жанды дауыста айтумен бірге осы мәселеге арнайы біраз қаржы бөлініп, әншілерге қамқорлық жасалуы қажет.

Айта кетейік, мәдениет саласына арналған заң жобасында концерт кезінде әншілер тарапынан әдепсіз мінез-құлық таныту, сахнаға ұқыпсыз күйде шығу, жоспарланған концерттік бағдарламаны орындамау және әдепсіз сөздер бар репертуар таңдау бойынша бірқатар міндеттеме қарастырылған. Бұның барлығы алдымен концерт ұйымдастырушы мен орындаушы арасында рәсімделетін келісімшартта жазылады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары